Ауа райы
Нұр-Сұлтан 19 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 378.65
EUR 430.07
RUB 6.00
CNY 55.10

Алғаш рет обырды жеңген балалар арасында республикалық жарыс өтеді

2019 жылдың 16 сәуір 2019 22:19 1117

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде тұңғыш рет өткізілетін балалар мен жасөспірімдер арасындағы I республикалық чемпиондар ойыны спорттың 6 түрінен өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы спорттық бәсекеге  еліміздің барлық өңірінен 3 пен 18 жас аралығындағы онкологиялық ауруларды жеңген 100-ге жуық балалар мен жасөспірімдер қатысады. Сондай-ақ, олардың қатарында ағзалары трансплантацияланған балалар да бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараның басты мақсаты - онкологиялық аурулармен ауырған және ағзалары трансплантацияланған балаларға көмек, қолдау көрсету. Және де онкологиялық аурудың алдына алу мен сақтану керектігіне қоғамның назарын аудару.

«Чемпиондар ойыны - бұл балаларға, олардың ата-аналары және оларды емдеуші дәрігер мен медициналық қызметкерлерді ынталандыру. Сол сияқты біздің ортамызда осындай адамдардың барын және олардың да толыққанды өмір сүре алатынын көрсету. Оның үстіне қатерлі ісікке (рак)  соңында көз жұмады деген түсінікті жою. Яғни, аталған дертті уақытында қолға алған жағдайда жеңуге әбден болады. Біз ұйымдастырғалы отырған спорттық шараға қатысатын балалар соның куәсі болып табылады», - деді «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының директоры Бекбай Хайрулин.

Чемпиондар жарысы келесі спорт түрлері бойынша өтеді: жеңіл атлетика (60 метрге жүгіру), «Асық ату» ұлттық ойыны, үстел теннисі, ату (пневматикалық винтовка 10 метр), кіші футбол және шахмат (швейцар жүйесі бойынша).

Үстіміздегі жылдың 1 - 2 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Орталықтың дерегіне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен балалар арасында 600-ге жуық қатерлі ісікке шалдығу оқиғасы анықталады.Одан бөлек, бүгінде 4 мыңға жуық бала бақылау есебінде тұр, оның ішінде 300-ге жуығы арнайы терапия қабылдайды.

 

 

 

 

Автор: Дәулет Ізтілеу
Басты сөздер: Спорт, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай