Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Әлеуметтік блоктың шығыстары ұлғайтылды – Әлихан Смайылов

2019 жылдың 9 қазан 2019 12:22

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы 2019 жылға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері сақтала отырып, қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің түсімдері 94,9 млрд теңгеге ұлғайтылды. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 94,9 млрд теңгеге ұлғайтылды. Республикалық бюджеттің тапшылығы бұрын бекітілген жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайызы деңгейінде сақталды», - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік саладағы шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу мақсатында әлеуметтік блоктың шығыстары 6,7 млрд теңгеге ұлғайтылды. Шығыстарды қайта бөлуді ескере отырып, қосымша қаражат атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге, медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жалғастыруға бағытталды.

Сонымен қатар, нақты сектордың шығыстары 15,6 млрд теңгеге өсті. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, өнеркәсіпті қолдауға, Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына тұрғын үй қарыздарын беруге қосымша шығыстар көзделді.

Бұдан басқа, заң жобасын дайындау кезінде жекелеген мемлекеттік органдарды қайта ұйымдастыруын ескере отырып, шығыстарды түзету қамтылған. Мұнымен қоса, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын арттыруға, жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға нақты қажеттілігін ескере отырып, өңірлер арасында қаражат қайта бөлу ескерілген.

Жоғары қарай