Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 389.75
EUR 434.26
RUB 6.12
CNY 55.05

Әлемдік дін лидерлері Елбасы еңбегін арнайы құжатпен мәңгіге қалдырмақ

2019 жылдың 18 қыркүйек 2019 13:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының жұмыс тобы арнайы құжатпен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбегін мәңгі есте қалдыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыс тобының барлық мүшелері бір ауыздан съездің (Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі) бірегей екендігін және оның 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс өтетіндігін атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың съезді шақырудағы, оның идеяларын әлемдік аренада ілгерілетудегі іргелі үлесі айрықша аталып өтілді», - деді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XVIII хатшылығының отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов.

Осы орайда, вице-министр аталған жұмыс тобы тарапынан Елбасының съезд жұмысын ілгерілетудегі ерен еңбегін арнайы құжат арқылы мәңгіге есте қалдыру туралы ұсыныс болғанын айтты.

«Осынау бастама аясында жұмыс тобының мүшелері арнайы құжаттың түрі мен форматын ойластыруға дайын екендіктерін білдірді. Аталған құжатты 2021 жылы өтетін 7-ші съездте қабылдауға болар еді. Онда съезд авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау бірегей жаһандық тұғырнамамызды құрудағы айрықша рөлі көрініс табады», - деді М.Әзілханов.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съез қорытындылары мен Хатшылық қызметінің келешегі бойынша пікір алмасылуда. Содан кейін 2021 жылғы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін өткізу бойынша ұсыныстар талқыланып жатыр.


Жоғары қарай