Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.86
EUR 435.32
RUB 6.12
CNY 55.12

Әлем қазақтары елордада бас қосты

2019 жылдың 2 сәуір 2019 18:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Отандастар» қандас-бауырларды қолдау қорының арнайы шақыртуымен әлемнің түкпір-түкпіріндегі отандастарымыз Нұр-Сұлтан қаласына жиналды. Осылайша, әз Наурызды Франция, Украина, Ресей және Қытай елдерінен келген қандастарымыз тарихи отанында, бір шаңырақ астында атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақ диаспорасы өкілдерімен «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков кездесті. Жүздесу барысында мерекелік лебіз-тілекпен қатар Елбасы тапсырмасымен құрылған қордың мақсат-мүддесі мен жұмысы түсіндірілді.

«Әлемге тарыдай шашылған қазақ баласын біз ешуақыт ұмытқан емеспіз, ұмытпаймыз да. Барлық қандасты тарихи отан төңірегінде бірлестіру, қолдау үшін Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайындағы Елбасы тапсырмасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Елге оралған және шетелде тұратын қазақтарды қолдау мақсатындағы жобаларымызды қазір жүйелеп, әзірлеп жатқан жайымыз бар. Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты да сол - қиырдағы қандастарымыздың шоқтығын биіктету, сондай-ақ олардың ұлттық болмысын сақтап қалу жолында өздеріңізбен күш біріктіру», - деді қор басшысы Нұртай Әбіқаев.

Сондай-ақ, кездесуге танымал боксшы Қанат Ислам да қатысты. Ол әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қандастарды қазақтың бірігуі жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Өз кезегінде, спортшы боксты қазақ балалары арасында кеңінен насихаттап, дамытуға бағытталған жобаларды қолға алып жатқанын айтып өтті.

Кездесудің тағы бір құрметті қонағы - қобызшы, Тараз қаласының тумасы Әйгерім Ерсайынова. Ол Франциядағы «Қорқыт» қазақ мәдени орталығын басқарады.

«Тарихи отанға, ата-анасына біршама жақын болғысы келгендіктен асырап алынған қазақ балалары орыс мәдени орталықтарына барып жүрген екен. Осы нәрсе біздің намысымызға тиді. Сол үшін өз қаражатымызды құйып, тұңғыш қазақ мәдени орталығын аштық. Алғашқы екі жылы тар болса да кішкентай ғимараттың бір бөлмесін жалға беріп, түрік ағайындар қол ұшын созды. Қазіргі таңда Франциядағы Қазақстан елшілігіндегі мәдениет, ғылым және білім бөліміндеміз. Қазақ диаспорасы көп шоғырланған Франция мемлекетінде біздің өнеріміз бен ана тілімізге деген қызығушылық өте зор. Қазақтың ұлттық аспаптары мен фортепианоны, ана тіліміз бен қолөнерді тағдыр тәлкегімен француз шаңырағында өсіп-өніп жатқан өзімнің қаракөз бауырларымнан бөлек, француздарға да үйретіп жатырмыз. Қазіргі уақытта қазақ әдебиетіне көп көңіл бөлгіміз келеді. Ол үшін бізге латын әліпбиіндегі кітаптар қажет», - дейді Әйгерім Ерсайынова.

Оның айтуынша, орталық негізін құрбысы Әйгерім Матаева екеуі осыдан үш жыл бұрын қалаған. Тұңғыш қазақ мәдени орталығын ашуға Франциядағы асыранды қазақ балалары себеп болыпты.

Одан бөлек, кездесу аясында шақырылған қонақтармен серіктестік туралы екіжақты меморандумдарға қол қойылып, шетелдегі қазақ диаспоралары мен елге оралған отандастарды қолдау, қандастарды тарихи отанға оралту бағытында күш жұмылдыру келісілді.

Жоғары қарай