Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 342.49
EUR 400.85
RUB 5.51
CNY 51.33

Алдымен - көмек, кейін - ақша: литвалық дәрігерлер тәжірибе бөлісті

2017 жылдың 13 желтоқсан 2017 02:14 1628

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Литва Денсаулық сақтау ғылымы университетінің өкілдері Алматыда медициналық сақтандыру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық және литвалық мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетуді дамыту, ана мен баланы қорғау, мамандандырылған қызмет түрлерін біріктіру және көпбейінді клиникаларды құру мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ смарт-медицина, цифрландыру, ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері сөз болды.

Литва университеті инновация мен даму департаментінің меңгерушісі Павалкис Дайниус Литвадағы әлеуметтік медициналық сақтандыру тәжірибесі туралы айтып берді.

«Біздің сақтандыру медицинасында госпитальдар арасында ресурстар нақты бөлінген. Жақсы жұмыс жасайтын, жасанды кезектер туғызбайтын, науқастарға ұрысып, әрлі-берлі жүгіртпейтін, жақсы емдейтін емханаларда адамдардың саны арта түседі. Сәйкесінше, мемлекеттік сақтандыру компанияларынан бөлінетін қаржы да артады. Көбісі науқастарға қызмет көрсету мәселесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр. Егер аурухана касса көлемін 10 пайыз артық жапса, келер жылы 5 пайызға көп келісімшарт алады. Егер емхана тапсырысты 100 пайызға орындаса, келесі жылы сырқаттың және медициналық қызметтердің түріне байланыссыз, тапсырысты кепілді түрде алады», -  деді Павалкис Дайниус.

Маман Литва университеттерінің өзге елдердің оқу орындарымен байланысы туралы айтып берді.

«Университет емханасының екі акционері бар. Акциялардың 50% мемлекетке тиесілі болса, 50% университеттің меншігінде. Қос тарап бір-бірінің келісімінсіз ешқандай шешім қабылдай алмайды. Университет басшылығын да ортақ комиссия сайлайды. 20 жылдық тәжірибеге сенсек, жүйе тиімділігін дәлелдеді. Госпитальде тәжірибеден өтпеген адам емханаға қабылданбайды», - деді маман.

Литвалық сақтандыру моделінде өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар сақтандыру жарналарын енгізіп отырады немесе ақылы медицинаға қарала алады.

«Мұндай азаматтар ай сайын 30-40 доллар төлеп, сақтандыру пакетін пайдалана алады. Сондай-ақ сақтандыру жарнасын төлемей, ақылы медициналық қызметке жүгіне алады. Литва азаматтарына шұғыл медициналық көмек қарастырылған. Алайда, емделген соң олардан ақы талап етіледі. Алдымен - көмек, кейін - ақша қағидатымен жұмыс жасайды», - деді Павалкис Дайниус.

Маманның айтуынша, дәрігерлер жұмысы қабылданған науқастар санына қарай бағаланады.

Кездесу барысында қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен Литва денсаулық ғылымы университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық академиясы арасында үшжақты Меморандумға қол қою туралы ұсыныс айтылды.

«Біз сақтандыру жүйесіне 15 жыл бұрын көштік. Осы уақытта нәтижені көріп отырмыз. Өтемақы мен басқа да мәселелер бойынша Литваның қателігін Қазақстан қайталамасын. Жас дәрігерлерді дайындауға, әріптестік орнатуға дайынбыз. Жаңа жүйенің жемісін жас ұрпақ өскен кезде анық байқайтын боласыздар», - деді П.Дайниус.

 

 

Жоғары қарай