Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 385.55
EUR 426.57
RUB 6.05
CNY 54.77

Алдағы үш жылда ел аумағында 304 жабдықталған әжетхана орнатылады

2019 жылдың 18 шілде 2019 20:43

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2019-2021 жылдары Қазақстан аумағында 300-ден аса жабдықталған әжетхана орнатылады. Бұл туралы «Қазавтожол» акционерлік қоғамы бизнесті дамыту департаментінің директоры Рустам Исаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Биыл республика бойынша 53 жабдықталған әжетхана орнату жоспарланып отыр. Ал алдағы 3 жылда ел аумағында 304 әжетхана орнатылатын болады. Әрине сұраныс одан да көп. Қазіргі ел көлемінде далалық аймақтар мен жол бойында 800-ге жуық жабдықталмаған әжетхана бар, яғни оларда ешқандай жағдай жасалмаған. Одан бөлек, тағы 800-ге жуық жеке сектор аумағындағы әжетхан бар. Ол жол бойында орналасқан жанармай бекетінің, дәмханалар мен демалыс орындарының әжетханалары. Жаңа әжетханаларды орнату бойынша алдымен инвестициялық байқау өткіземіз, оның жеңімпазы әжетханаларды орнату бойынша ғана емес оның қызметі мен жұмыс істеу сапасына жауап беретін болады», - деді Рустам Исаев.

Оның айтуынша, жабдықталған әжетханалар республикалық маңызы бар тас жолдардың бойы мен туристік нысандардың маңайында орнатылатын болады. Және олардың бәрінің бағасы біркелкі болады.

«Жоспар бойынша республикалық маңызы бар тас жолдар бойында әр 50 шақырым сайын әжетхана орнатуды көздеп отырмыз. Негізінен жабдықталған әжетханаға оңтүстік өңірде, атап айтқанда Түркістан облысында сұраныс жоғары. Жалпы бұл жобаны біз өткен жылы қолға алған болатынбыз. 2018 жылы ел аумағында 12 жабдықталған «KazWay» павильоны орнатылып, бүгінде олар жұмыс істеуде», - деді ол.

ҚазАвтоЖол өкілінің мәлімдеуінше алдағы уақытта орнатылатын жабдықталған 1 әжетхананың құны 16-20 млн теңгені құрайтын болады.

«Бұған дейін орнатылған «KazWay» павильонының беруінің құны 23 млн теңге тұратын. Ендігі тұрғызылатын бір әжетхананың құны 16 мен 20 млн теңгенің аралығын құрайтын болады. Себебі, кейінгілерінде сауда алаңы болмайды. Дегенмен инсвесторлар қосымша табыс табу үшін сауда алаңын ұйымдастыратын боламыз деген ұсыныс білдірді», - деп түсіндірді департамент басшысы.

Автор Дәулет Ізтілеу
Басты сөздер: Қоғам,
Жоғары қарай