Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Ақтоты Райымқұлова: Мемлекеттік рәміздер ел аумағында ғана жасалуы тиіс

2019 жылдың 23 қазан 2019 17:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік рәміздері ел аумағында ғана жасалуы тиіс. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы Заңға сәйкес, ел аумағындағы мемлекеттік рәміздерді дайындау лицензияланатын қызмет болып табылады. Бұл шығарылатын өнімнің мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, отандық нарықта елден тысқары жерде дайындалған мемлекеттік рәміздер де бар. Айталық, 2019 жылдың 8 айында олардың импорт көлемі 3,4 млрд теңгені құраған. Бұл мәселені шешу үшін шикізат сатып алуды қоспағанда, дайындаушыларға арналған біліктілік талаптарын, оларды елдің аумағында өндірудің толық циклін қамтамасыз ету туралы нормамен толықтыру арқылы мемлекеттік рәміздердің импортына тыйым салу қажет», - деді министр Ақордада Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия отырысында.

Оның айтуынша, дайын өнімді шетелден сатып алатын ресми дайындаушылардан лицензияны қайтарып алу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл салада уәкілетті органдар – Сауда және интеграция, Қаржы министрліктері біліктілік талаптарына өзгерістер енгізу бойынша шұғыл шаралар қабылдай бастады.

«Мәселен, бұл бағытта мемлекеттік рәміздердің ресми өндірушілеріне мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша, 63 лицензиаттың 29-ы ғана біліктілік талаптарына сай боп шықты. Осы орайда уәкілетті орган – Сауда және интеграция министрлігі сала кәсіпорындарына жоспарлы тексеру жүргізіп, біліктілік талаптарына сай емес 34 лицензиатқа мемлекеттік рәмізді жасауға тыйым салуы тиіс. Не олардың жұмысын дұрыс бағытқа бұру жөнінде нақты нұсқау беруі керек», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Осыған орай, комиссия төрағасы, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев рәміздерді дайындаушыларға арналған біліктілік талаптарын күшейту арқылы оларды ел аумағында ғана өндірудің толық циклін қамтамасыз етуді және олардың импортына тыйым салуды тапсырды.

Жоғары қарай