Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 7 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Ақтөбеде жол апатынан бір оқушы көз жұмып, екіншісі ауруханаға түсті

2019 жылдың 26 наурыз 2019 15:39

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жас жігіт көлігімен мектеп оқушыларын қағып кетті. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмды, екіншісі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 24 наурыз күні кешқұрым Едіге батыр даңғылы бойында орын алды.

«Опель-Вектра» автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі мектеп оқушыларын қағып кетті. Жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан екі оқушының бірі оқиға орнында көз жұмса, екіншісі ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Сот-медициналық сараптама тағайындалып, 20 жастағы жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама кезінде жүргізушінің ішімдік ішпегені анықталды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Ақтөбе медицина орталығына жеткізілген 15 жастағы жасөспірімнің денсаулығы туралы мәлім етті.

«Қазір науқастың жағдайы тұрақты, қан айналымы бірқалыпты. Жансақтау бөлімінде ем қабылдауын жалғастырады. Бала есін біледі», - деді ведомстводан.

Айта кетейік, жыл басынан Ақтөбеде жол-көлік апаттары салдарынан 27 бала түрлі дене жарақатын алды.

Жоғары қарай