Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Ақтөбеде тұрғын үй сертификаттары кімге және қандай шарттармен беріледі

2019 жылдың 2 тамыз 2019 17:40 124

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 30 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Оның 10 мыңнан астамы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға үміткер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыстық мәслихат сессиясында облыс бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санаттарының тізбесін айқындау мәселесі талқыланды. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Амановтың айтуынша, қазір 1 мың пәтер иесін күтіп тұр.



«Сертификат берудің екі түрі бар. Бірі әлеуметтік көмек, екіншісі әлеуметтік қолдау. Әлеуметтік көмек кезінде ақша кері қайтарылмайды. Ал әлеуметтік қолдау кезінде бюджеттік несие беріледі. Әлеуметтік көмек сертификатын беру кезінде алғашқы жарнаның 90 пайызын беру, әлеуметтік қолдау сертификатын беруде алғашқы жарнаның 50 пайызын құю ұсынылып отыр. Соңғысы «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болуға мүмкіндік береді. Әр сертификат 1 миллион теңгеден аспайды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер құны 10 миллион теңге болса, алғашқы жарна - 1 миллион теңге. Мемлекет 900 мың теңге береді, сатып алуға 100 мың теңге қосуы тиіс. Ал «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасымен баспана алу кезінде 10 миллион теңгенің үйін сатып алу үшін 2 миллион теңге керек. Біз 1 миллион теңгеге дейін ғана қаржы бөле аламыз. Сондықтан 50 пайызын мемлекет есебінен беру жоспарланып отыр», - деді Дастан Аманов.

Тұрғын үй сертификаты көпбалалы, толық емес және мүгедек бала асырап отырған отбасыларға беріледі. Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлері де үміткер бола алады. Сессияға облыс басшысы Оңдасын Оразалин қатысып, баспанамен қамтудың мәселесі басты назарда тұрғынын айтты.




«Облыстағы аз қамтылған және көпбалалы аналардың баспаналы болуына қолдау көрсетіліп келеді. Алдағы уақытта осы жұмыстарды өздеріңізбен бірлесіп жалғастырамыз деген сенімдемін», - деді өңір басшысы.

Айта кетейік, биыл тұрғын үй сертификатын беруге жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге қарастырылған. Келер жылы бөлінетін қаржы көлемі артуы мүмкін.










Жоғары қарай