Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Ақтөбеде шетелдік инвесторлардың қатысуымен ірі жылыжай салынды

2019 жылдың 6 сәуір 2019 23:40

AҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сапардың алғашқы күні қазақстандық СІМ басшысының орынбасары облыстық Инвесторларға қызмет көрсету орталығына барды, сондай-ақ «Ақтөбе» индустриялық аймағында орналасқан жобалармен танысты. Сонымен қатар ол Ақтөбе облысының Инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің отырысына қатысты. Оның қорытындысы бойынша инвесторлардың сұрақтарына жауап берді.

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Е.Көшербаев қатысқан негізгі шара - голландиялық «Food Ventures» ЖШС-ның «Green Capital Kazakhstan» компаниясының жылыжай кешенінің ресми іске қосылуы. Оған облыс әкімі Оразалин Ондасын, Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Дирк Ян Корп және Мажарстанның Қазақстандағы Елшісі Андраш Барани қатысты.

Жобаны «ҚазАгро» корпорациясы және мажарлық «Эксимбанк» қаржыландырды. Сондай-ақ «Green Capital Kazakhstan» құрылысына «Food Ventures» инвестиция салды. 2019 жылы жобаны іске асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді, 60 жұмыс орны ашылды. Ауданы 5 гектар жылыжай секциясы салынды.

Келесі кезеңді іске асыру шеңберінде, яғни 2020-2020 жылдары тағы екі секция ашылады. Оған инвесторлар 8,6 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, Қазақстанға ақша қаражаты ғана емес, технологиялар трансферті де инвестицияланды: аталған жылыжайда бесінші буындағы ең жаңа технология, Голландияның өзінде бірнеше шаруашылықтарда ғана енгізілген ультраклиматтық жүйе қолданылған. Бұл жоғары технологиялық процесс биологиялық қорғау мен рециркуляцияның ультра заманауи принциптерімен үйлесе отырып, барынша өнім алуға мүмкіндік береді.

Жылыжай кешенінде қызанақтан басқа болашақта баклажандар да отырғызылмақ. Өнімді өткізу нарығы: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе облысы және Ресей елі. Экспорт үлесін 80% дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Кәсіпорын толық қуатқа шыққан кезде жылыжайда 12-15 мың тонна көкөніс жинайтын болады.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Бүгінде Қазақстанда инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Республиканың инвестициялық ахуалын жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. 2018 жылғы желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрлігіне инвестицияларды тарту және экспортты үйлестіруді кеңейту жөніндегі функциялар берілді. Қазіргі уақытта біз «Шет елдердегі мекемелер - Орталық - Өңір» форматында кешенді экожүйені құрудамыз.

«Бүгін біз голландиялық «Food Ventures» жылыжай кешенінің екінші кезеңінің іске қосылғанына куә болдық, Қазақстанда осы саладағы ірі кәсіпорындардың бірі салынды - Қазақстан-Венгрия қорын қаржыландыру аясында голландтық технология бойынша жылыжай. Бұл жоба Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», - деп атап өтті Е.Көшербаев.

ҚР СІМ-нің инвестицияларды тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүргізуде негізгі бағыттарының бірі - бюрократия мен әуре-сарсаңға салушылыққа жол бермейтін әлеуетті инвесторлар үшін бірегей жағдайлар жасау. Дәл осындай құрал инвесторларға қызмет көрсетудің өңірлік фронт-офистері болуға тиіс.

Ақтөбе облысында бұл мәселеде жағдай жасалған. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлар үшін барлық қызметтер көрсетіледі. Бұдан бөлек, Ақтөбе өңірінің өнімдерін Аспанасты нарықтарына жылжыту және инвестиция тарту үшін Қытайда облыс өкілдігінің ашылуы.

Нидерланды Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі болып табылады. Жалпы республикада голланд капиталының қатысуымен мыңнан астам компания жұмыс істейді. Ал 2005-2018 жылдары елімізге Нидерландыдан 82,8 млрд АҚШ доллары тартылды. Бұл біздің елімізге тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағынының үштен бірін құрайды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 6,5 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорт - 6,2 млрд АҚШ доллары, импорт 0,3 млрд АҚШ доллары болды.

Жоғары қарай