Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.82
EUR 428.67
RUB 5.86
CNY 54.95

Ақтөбеде шаң-тозаңға батқан ауыл халқы көмек сұрады

2019 жылдың 9 тамыз 2019 15:59 121

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Бершүгір ауылының тұрғындары көмек сұрап, ауылдың шаңға батқанын, тұрғындардың аллергияға шалдыққанын айтып берді. Қазір экологтар тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шалқар ауданының Бершүгір ауылында қиыршық тас өндіріледі. Ол үшін тау-таста жиі жарылыс жасалып, ұсақталады. Сол кезде ауыл шаңға батып қалады.

«Бізді айнала шоғырланған «Нұртас Ақтөбе», «Мұғалжар Нефтестрой», «Теміртас», «Диабаз», «Ақшат-Ақтөбе», «Құлан Трас», «Лашын Тас Трейд», «Восток Цемент Коммерция», «MINING INERT MATERIALS» тәрізді өндіріс орындары бар. Ол аздай тағы да жаңа зауыттар салынғалы жатыр. Бұл зауыттар ауылдан 10-15 км кашықтықта болуы керек. Бізде олар 3-4 шақырымнан да жақын. Жел қайдан соқса да шаң ауылға келеді. Тауды небір химиялық заттармен жарады, соның шаңы мен уы ауылға келеді. Тау жарғаннан үйлер қозғалады, бұлақтардың көздері бітеліп, Шалқар көліне құйып жатқан сайлар тартылып қалды. Неше түрлі аллергиямен ауыратын адамдар көбейіп кетті», - деп жазды әлеуметтік желіге ауыл тұрғыны. Әрі олар зауыттарды жыраққа көшіруін сұраған. 


 «Әлеуметтік желіге 4-5 ай бұрын түсірілген суреттер салынған. Бір компанияға 2,8 миллион теңге айыппұл да салынды. Енді зауыттар су шашып, шаң басатын құрылғыны әкеліп, қондырып жатыр. Негізі жеті зауыт жұмыс істеп тұр. Өндіріс орнындағы жұмысшылардың 80 пайызы сол ауылдың тұрғыны. Ауданнан он күн сайын мониторинг жүргізіп, шаң болса тоқтатамыз», - деді Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев.

 Айта кетейік, қазір шаң көтерген бір зауыт жұмысын уақытша тоқтатқан. Оқиға орнына тұрғындардың арызымен экологтар да барды.

«Бершүгірде 13 кәсіпорын бар. Бізге ауыл тұрғындарынан шағым түсіп, тексеру жүріп жатыр. Қорытындыны 20 тамызда шығарамыз», - деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.

Жоғары қарай