Ауа райы
Астана -27 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 378.86
EUR 416.78
RUB 6.06
CNY 54.62

Ақтөбеде пойызда билетсіз жүрген 100-ден астам жолаушы анықталды

2019 жылдың 6 желтоқсан 2019 19:12

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі пойызда рейд өткізді. Билетсіз жүрген 108 жолаушы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобалық кеңсе қызметкерлері мен көліктегі бақылау инспекциясы және желілік полиция бөлімі арнайы рейд ұйымдастырды. Барлығы 13 пойыз тексерілді. Оның 9-ы - республикалық, өзгесі халықаралық бағытта қатынайды.

«108 жолаушыда билет жоқ болып шықты. Оның 93-і ел ішіндегі қалалар мен станцияларда құжатсыз мінген. Сонымен қатар ТМД елдеріне қатынайтын пойызға мінген 13 жолаушының билеті табылмады. 350 келі жүкті рәсімдемеген. Жолаушылар тасымалы, жүк жеткізу ережесін бұзған 50 дерек тіркелді. Барлығына 330 мың теңге айыппұл салынды. Билетсіз жүрген адамдар жолаушылар тасымалы компаниясына билет құнын 10 еселеп қайтарады. Жолсеріктер де жазадан құтылмайды, оларға да айыппұл салынды», - деп хабарлады «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің баспасөз қызметі.




Рейд «Адал жол» жобасы аясында жүргізілді. Бұл шара алыпсатарлар мен билетсіз жолаушыларды болдырмау мақсатында ұйымдастырылған. Рейд кезінде вагондардың техникалық жағдайы, төсек-орын назардан тыс қалмады.







«Мобиус» компьютерлік жүйесі арқылы бір адамның бірнеше билет алуына шектеу қойылды. Нәтижесінде алыпсатарлар азайды. Алдағы уақытта теміржол вокзалы қоғамдық бақылауда болады. Егер билет алып, оны қымбат бағаға сатып жүргендер туралы ақпарат білсеңіз, 8 771 518 68 34 нөміріне хабар беріңіз», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Жоғары қарай