Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 386.34
EUR 427.25
RUB 5.88
CNY 54.57

Ақтөбеде өзендерді тазартуға байланысты жеті қылмыстық іс қозғалды

2019 жылдың 7 тамыз 2019 16:50 161

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өзендерді тазартып, кеңейту жұмыстарымен айналысып жатқан үш мердігер компания мен екі мемлекеттік мекемеге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе қаласындағы өзендерді тереңдету, тазарту жұмыстарына байланысты тексеру жүріп, экологиялық заңнаманы бұзу фактісі анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық кодекстің 339-бабымен, яғни ағаш, бұталарды заңсыз кесу, соның ішінде Қызыл кітапқа енген ағашты кесу бойынша бес қылмыстық іс тергеліп жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға қатысты өз өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін және қызметтеріндегі әрекетсіздігі үшін тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Үш мердігер мен екі мемлекеттік мекеме жауап береді. Олар: Ақтөбе орман шаруашылығы мекемесі мен Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы. Олар заңсыз рұқсат берген», - деді Ақтөбе облыстық прокурорының аға көмекшісі Азамат Құстанов.

Егер кінәлілер анықталса, айыппұл төлеп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеу маусымда басталған болатын.

«Қазіргі кезде 120-дан астам ағаштың заңсыз кесілгені анықталды. Шығын шамамен 5-6 миллион теңге», - деді прокурор.

Еске салсақ, Ақтөбедегі өзендер жайымен Экология және табиғатты қорғау министрі Мағзұм Мырзағалиев танысты. Кейін жұмыстың жалғасатыны белгілі болды.


Жоғары қарай