Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 384.63
EUR 427.98
RUB 6.08
CNY 54.68

Ақтөбеде «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне іріктеу жобасы аясында ашық пікірсайыс өтті

2019 жылдың 15 қараша 2019 02:13

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясының Мұғалжар аудандық филиалында партиялық кадрлық резервке үміткерлердің көпшілік пікірсайысы өтті. Үміткерлер халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы бағдарламаларын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында партиялық кадрлық резервке іріктеу бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Партиялық кадрлық резервке 73 үміткер тіркеліп, олар 5 қарашадан бастап үгіт-насихат жұмыстарын бастады. 20 үміткердің қатысуымен 4 жерде көпшілік пікірсайыс өтті. Мәселен «АдСаНа» ЖК директоры Наурызбек Сарбасовтың бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Ол кәсіпкерлік негіздерін мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды. Үміткер жастарға білгенін үйретуге дайын. Ал Ембі аудандық емханасының медбикесі Огулгул Глычдурдыева денсаулық мәселесіне көбірек көңіл бөлді. Ол ауылдағы аурухананы арнайы көлікпен жабдықтау, «Денсаулық» саябағының салу, үзіліссіз жұмыс істейтін дәріхана ашу, бұқаралық спортты дамыту мақсатында шағын спорт алаңдарын салу, фитнес клубын ашу жобасымен бөлісті.

Үміткерлердің пікірсайысы екінші бөлімде қызды. Олар бір-біріне сұрақ қойып, дәйекті түрде жауаптар алды. Қоғамдағы түйінді мәселелер мен оны шешу жолдары туралы пікірлерін білдірді. Сұрақ-жауап кезеңінде «Мұғалжар» газетінің бас редакторы Ануар Искарин жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту жолын ұсынды.

«Кезінде аяғын шалыс басып, түзету мекемелерінен жазасын өтегеннен кейін түзу жолға түскен азаматтардың пікірі өтімдірек келеді, ал олардың қатесі жастарға сабақ болады. Сондықтан осыған көңіл бөлу керек», - деді ол.

Ашық пікірталас кезінде тұрғындар әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы сауалдарын жолдады. Олар республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау» тасжолының құрылысы мен қоғамдық көлік жайын қозғады. Үміткерлер болса, мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.

Айта кетейік, бұл жұмыстар «Nur Otan» партиясының кеңейтілген Саяси кеңесінің отырысында партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның белсенді мүшелерін топтастыру бағытындағы тапсырмасына сәйкес жүргізілуде.

Жоғары қарай