Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 386.30
EUR 428.14
RUB 6.08
CNY 54.87

Ақтөбеде мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан шығу себептері талданады

2019 жылдың 8 қараша 2019 04:10

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Енді мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кету себептері анықталатын болады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Жиында мемлекеттік қызметкерлердің этикасы, ақпараттық қауіпсіздік, қызметкерлердің ауысу мәселесі қаралды. Оған Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Оразов, аудандық әкімдіктердің аппарат басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты.

Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ақпараттық қауіпсіздік бойынша бас инспекторы Шыңғыс Нұржігіт ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Ал персоналды басқару бірыңғай қызметінің басшысы Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, биыл облыста 112 мемлекеттік қызметші жұмыс орындарын ауыстырған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 0,1% көбейді. Кейбір қала, аудандарда таза ауысым көрсеткіші жыл басында бекітілген шекті мәннен артқан. Облыс әкімінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауов мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан не себепті кеткеніне талдау жасауға, өз еркімен жұмыстан шыққандар арасында сауалнама жүргізуге тапсырма берді.

«Себепсізден себепсіз қызметтен кету мәселесіне тоқтау салу қажет. Бос орындар саны 132 болып тұр. Біз осы орындардың орнын толтыра алмай жатқанда, екінші жақтан себепсіз жұмыстан босап жатады», - деді аппарат басшысы Н. Қалауов.

Өңірде «Е-Қызмет» ақпараттық жүйесі қолданысының деңгейі де көңіл көншітпейді. Талдау қорытындысы мемлекеттік органдардың жүйедегі белсенділігінің өте төмен екендігі анықталған. Мәселен, электронды-цифрлық қолтаңба қою арқылы 26 443 құжаттың небәрі 1293 немесе 4,9% әзірленген. Жыл басынан бері «Е-Қызмет» ақпараттық жүйесіне 18 776 құжат енгізілген.

Сонымен қатар, облыс әкімдігінің сайттары мен әлеуметтік желі парақшаларына тұрғындар тарапынан келетін арыздар мен хаттарға берілген мемлекеттік орган жауаптарының сапасын қатаң сынға алды. Себебі сұраққа нақты жауап берудің орнына ұзақ тармақшалардан тұратын заңдарды көрсетіп, қарапайым азаматтарға түсініксіз жауап қайтарылады.

«Бұдан былай азаматтардың хатына берілетін жауап тікелей әкімдік аппаратының тексеруінен соң ғана жарияланатын болады. Хат жауабы қарапайым, түсінікті түрде жазылуы қажет», - деді Нұржауған Қалауов.







Жоғары қарай