Ауа райы
Астана -6 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 375.91
EUR 416.85
RUB 6.10
CNY 54.77

Ақтөбеде ірі компанияларға жергілікті тауар өндірушілерді қолдау міндеттелді

2019 жылдың 12 желтоқсан 2019 02:11

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өндіріс орындарының жұмысы қорытындыланды. Ірі мұнай компанияларына жергілікті тауар өндірушілерге қолдау білдіру міндеттелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өнеркәсіп кәсіпорындарының жылдық қорытындысын тыңдады. Биыл Ақтөбе рельс-арқалық зауыты «Қазақстан темір жолы» ҰК« АҚ - на 20 миллиард теңгеден астам ақша қарыз болды. Үкімет осы іске араласып, қазір қарыз 8 миллиард теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта зауыт өнімін Еуропаға тасымалдау үшін келіссөздер жүріп жатыр. Ақтөбе хром қосындылары зауыты да тауар сатуда қиындыққа тап болды. Дегенмен бұл жұмысшылардың жалақысына кері әсерін тигізбеуі тиіс.

«Өңірде Мемлекет басшысының әлеуметік-экономикалық дамуы бойынша тапсырмаларын орындаудың тиімді шаралары қабылданып жатыр. Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуде және әл-ауқатын жақсартуда өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі маңызды орын алады» ,- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов биыл өнеркәсіп пен негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемінің оң динамикасы байқалатынын жеткізді. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 1,8 трлн теңгені құрады. Соңғы 3 жылда өнеркәсіп құрылымындағы өңдеу секторының үлесі 28-ден 33 пайызға өсті.

Жиын кезінде Қайрат Бекенов шетелдік жұмысшылар санының артуына, қазақстандық мамандардың нашар немесе шартты түрде ғана оқытылатынына назар аударып, шетелдік және жергілікті кадрлар арасындағы еңбекақы бойынша алшақтық дерегін келтірді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, шетелдік жұмыс күшін тарту жұмысына талдау жүргізуді және заңсыздық анықталған жағдайда оларды депортациялауға дейін апаратын жауапқа тартуды тапсырды. Облыс әкімі жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі жұмыстарды да қатаң сынға алды. Мұнай-газ секторындағы жер қойнауын пайдаланушылар 150,3 млрд теңгеге тауар, жұмыс пен қызметтерді сатып алған, соның ішінде жергілікті қамту үлесі небәрі 50,7 пайызды құрайды.

«Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси тұрақтылығына әсер ететін проблемалар бар. Мен кәсіпорындардың алдымен пайда табуға мүдделі екендерін түсінемін. Жергілікті атқарушы органдар бір жағынан компаниялардың табысты жұмыс жасауына, өндірістік тапсырмалардың жүзеге асырылуына қолдау көрсетулері қажет, бірақ бұған қоса кәсіпорын жұмысы өңірдегі әлеуметтік тұрақтылыққа оң ықпалын тигізуі тиіс», - деп атап өтті О.Оразалин.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Анар Даржанованың айтуынша, «СНПС - Ақтөбемұнайгаз» АҚ биыл 500 миллион теңгеге қой, сиыр, жылқы етіне тапсырыс берген. Тауар жеткізуді алматылық компания жеңіп алды. Алайда ол компания мал шаруашылығымен айналыспайды, өзгеден алып, тасымалдайды.

«Мұндай мысалдар көп. Ұн және ұн өнімдерінің сатып алу байқауында да осындай кедергі бар. Мұнай компаниясы тым төмен баға қойған, нарықта мұндай құн жоқ. Сондықтан жергілікті тауар өндірушілер ірі тапсырыстар қабылдау кезінде бәрінен шет қалды. Әдейі жасалған іс деп болжап отырмыз», - деді Анар Даржанова.

Жоғары қарай