Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 385.42
EUR 424.58
RUB 6.00
CNY 54.31

Ақтөбеде есірткі саудалаған бұрынғы полицейлерден тұратын топтың мүшелері сотталды

2019 жылдың 18 тамыз 2019 02:32

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде есірткі саудасымен айналысып келген бұрынғы полиция қызметкерлерінен тұратын топтың мүшелері сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҰҚК сайтына сілтеме жасап.

«ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаменті каннабис есірткі құралы заңсыз айналысына қатысы бар, құрамына бұрынғы полиция қызметкерлері А.Жақсылықов (1970 жылғы) және Б. Мұхамедьяров (1966 жылғы) кірген топтың заңсыз іс-әрекетін анықтап, жолын кесті», делінген хабарламада.

Атап айтқанда, 2019 жылғы 20 ақпанда ҰҚК департаменті Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бұрынғы қызметкері А. Жақсылықовты 30 келі «марихуананы» өткізу кезінде ұстаған.

Жүргізілген жедел комбинация нәтижесінде тәркіленген есірткіні жеткізуші бұрын Ақтөбе қалалық Ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімі бастығы болған Б. Мұхамедьяров анықталған.

2019 жылы 21 ақпанда Б. Мұхамедьяровты ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, одан шамамен 1 кг марихуана, тіркелмеген қару, пышақтар мен оқ-дәрілер (12 және 16 калибрлі, 7,62 мм және 5,45 мм 100-ден аса патрондар, МП 2 патроны) тәркіленді.

«2019 жылғы 8 тамыздағы Ақтөбе облысы қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкімімен А. Жақсылықов ҚР ҚК 297- бабы, 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 11 жыл бас бостандығынан айыруға, Б. Мұхамедьяров ҚР ҚК 297-бабы, 2, 3-бөлігі, 280-баптың 2-бөлігі және 287-баптың 3-бөлігі бойынша 13 жыл бас бостандығынан айыруға кесілді», делінген хабарламада.

Жоғары қарай