Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 389.94
EUR 433.50
RUB 6.10
CNY 55.13

Ақтөбеде арнайы бағдарламамен оқыған жұмыссыздар еңбекке араласпаған

2019 жылдың 25 сәуір 2019 19:22

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің облыстық департаменті «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламасын орындауда кемшіліктерді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен өңірдегі жұмыспен қамту орталықтарына тексеру жүргізген. Тексеру кезінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарламаларының орындалуы қаралды. Нәтижесінде 4,5 миллион теңгенің мақсатсыз жұмсылғаны анықталды.

«Тексеруде кәсіптік оқуға жіберу кезінде бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау дерегі анықталды. Яғни, жұмыссыздарды сұранысы жоқ мамандықтарға оқытқаны белгілі болды. 2016-2018 жылдары 4 900 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді. Оның тек 2 873-і ғана жұмысқа орналасты. Яғни, 58,6 пайызы еңбекке араласты. Ал оқыған мамандықтарымен 1 813 адам еңбекке араласқан екен, яғни, 37 пайызды ғана құрап тұр», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы Ербол Толыбаев. Сонымен қатар дипломы бар адамдарға жұмыс тауып бермей, дәл сол мамандыққа қысқа мерзімді оқуға қайта жіберу де тіркелген.

«Алға аудандық жұмыспен қамту орталығы «компьютер жүйесінің операторы» мамандығы бойынша 25, электрик 25, шаштараз 43, кондитерлікке 22 адамды оқытып, бәрі жұмыссыз жүр. Ал қазір Алға ауданына тракторшы, дәнекерлеуші, тігінші керек. Мәселен, Қобда ауданының тұрғыны Нұрғалиев көпсалалы колледжде тас қалаушы мамандығын алды, жұмысқа орналаспады. Ал оған бюджеттің 232 мың теңгеден астам қаржысы жұмсалды. Мұндай дерек Ақтөбе облысының барлық ауданында бар», - деді Ербол Толыбаев.

Кейбір ауданда жұмыста жүрген адамдар жұмыссыздарға арналған қысқа мерзімді курстарға жіберілген. Мәселен, 2016 жылы Хромтаудан 24 адам оқыса, оның тең жартысының тұрақты жұмысы бар. Ербол Толыбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің көбі заң білмей, қателік жасаған. Жиын кезінде сыбайлас жемқорлық фактісінің алдын алу үшін тағы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өз міндетін дұрыс атқара алмайтын мемлекеттік қызметкерлердің тізілімін құру ұсынылды.

Жоғары қарай