Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Ақтөбеде 18 ауылға газ барады

2019 жылдың 17 сәуір 2019 22:07

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында «Құтты мекен» жобасы аясында 18 ауылға газ тарту жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында кезектен тыс конференция өтті. Оның барысында партияның бірқатар әлеуметтік жобалары талқыланды. Олардың арасында жұмыспен қамту және көпбалалы аналарға көмек көрсету мәселелері бар.

«Құтты мекен» жобасы облыс тұрғындарын инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарымен қамтуға бағытталған. Биыл 7 мыңнан астам адамды қамтитын 18 елді мекенді газдандыру жұмыстары басталады. Ал ауызсумен қамту бойынша 21 жобаға 3,8 млрд теңге бөлінді. Бұл 4,5 мыңға жуық ақтөбелікті қосымша сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыста 16 жаңа мектеп салынып жатыр. Оның 15-і осы жылы пайдалануға беріледі. Жалпы, газдандыру, сумен жабдықтау, мектеп салуға қатысты 48 жоба бар. Оларды іске асыру үшін министрліктермен жұмыс атқарылып жатыр», - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.



null

Конференция кезінде «Бақытты отбасы» партиялық жобасының іске асырылу жайы айтылды. Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша бұған дейін 2700 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, енді олардың қатары 6 мыңға жетті. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен қосымша 3,5 млрд теңге бөлінеді. Аз қамтылған азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек 2 есеге ұлғайды. Ол бұрын 70 мың теңге болса, қазір 140 мың теңге.

«Көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үйдің бастапқы жарнасы субсидияланады. Аз қамтылған отбасы балаларын мектептерде 100% ыстық тамақпен қамтамасыз ету жоспарланған. Барлығы - 17,2 мың бала. Сонымен қатар 3 мың адам қайта оқытылып, 5 мың адам жұмысқа орналастырылады. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына 720 пәтер беріледі. Оған қосымша 3 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ 3 жыл ішінде жыл сайын бюджеттен тыс қаржы есебінен 110 пәтер беріледі», - деді Олжас Смағұлов.

Ал «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында Қарғалы, Темір, Мәртөк ауданының орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Жалпы ауылдардың инфрақұрылымын жаңарту үшін облысқа 1,2 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар биыл «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 600 жас маман мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұдан бөлек, «Еңбек» бағдарламасы аясында ауылға 3,9 млрд теңге бөлінді. Яғни, 1 мың жаңа жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар.



null

«Халыққа көмек» жобасы аясында Ақтөбенің барлық ауданында Халықтық кеңсе ашылатын болды. Ақтөбе қаласындағы Халықтық кеңсе 600-ден астам қызмет түрін көрсетеді.

Айта кетейік, жиын соңында «Nur Otan» партиясының ХІХ съезіне облыстан делегаттар сайланды.

Жоғары қарай