Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

Ақтөбе облысында 3 халықаралық өткізу бекеті ашылады - Оңдасын Оразалин

2019 жылдың 13 қараша 2019 13:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында 3 халықаралық өткізу бекеті ашылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыстағы өзекті мәселелердің бірі - жол. Сондықтан биыл осы мәселені шешу, жергілікті жолдарды дамыту үшін бөлінетін қаражат 1,3 есе өсті. Қазіргі таңда 43,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 500 шақырымнан астам жергілікті жолды жөндеуге мүмкіндік береді. Келесі жылы «Ақтөбе-Қандыағаш», «Ақтөбе-Орск» жолдарын жөндеу жоспарланып отыр. Оның үстіне Ақтөбе қаласының батыс айналма жолы толық аяқталады, көпір пайдалануға беріліп, сырттан келетін көліктердің қалаға кірмей сырт айналып кетуіне толық мүмкіншілік болады», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын», «Орталық-Батыс» жолдарын салуға Үкімет қолдау білдіріп отырғанын айтты.

«Бұл - өзекті мәселелердің бірі. Себебі Ақтөбенің ерекше көліктік-логистикалық әлеуеті бар. Елбасы бастамасымен «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі толық іске қосылды. Оның үстіне оңтүстік көршіміздің (Өзбекстан) қарқынды дамып, осы жолдарды пайдалануының арқасында Ақтөбе облысының экономикалық әлеуеті көлік-логистика саласында ерекше өсті. Себебі Ақтөбе - Қазақстан бойынша оңтүстік жағынан да, солтүстік жағынан да шекарасы бар жалғыз облыс. Батыс Қытайдан болсын, Орталық Азиядан болсын жүк Ақтөбе облысының аумағынан өтеді. Облыс аумағы арқылы жүк тасымалының артқаны қуантады. Дегенмен, жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуды талап етеді. Осыған байланысты Үкімет тарапынан толық қолдау бар», - деді О.Оразалин.

Мұнан бөлек ол транзиттік әлеуетті дамыту аясында облыста үш халықаралық өткізу бекетін ашу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

«Ресеймен шекарада жұмыс істеп тұрған «Әйтеке би - РФ Союзные» және «Жиренқопа - Бірінші мамыр» бекеттерінің мәртебесін, Өзбекстанмен шекарадағы Бозой ауылы жағындағы бекетті халықаралық деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз», - деді облыс әкімі.

Жоғары қарай