Ауа райы
Астана 21 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 386.71
EUR 429.17
RUB 6.02
CNY 54.66

Ақтөбе қаласының маңайын қоқыстан тазарту үшін 200 млн теңге қажет

2019 жылдың 12 қыркүйек 2019 06:10

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында қоқыс уақытылы шығарылмай жатыр. Тұрмыстық қалдықтарды шығаратын компаниялар төлемнің уақытында жасалмайтынын, тұрғындардың 35 пайызы абонемент тізімінде мүлде жоқ екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі қоқыс шығару ісі тұралап тұр. Тұрғындар күн сайын әлеуметтік желі арқылы наразылықтарын білдіріп, 1-2 апта бойы тазарту жұмыстары жүргізілмегенін, сасық иіс қолқаны қабатынын айтып жатыр. Қала әкімдігі бұған дейін жедел штаб құрған болатын. Алайда жұмыс күн өткен сайын қиындап барады. Жергілікті әкімдік «Табыс Ақтөбе» ЖШС мен өңірдегі құрылыс, жол құрылысы компанияларынан көмек сұрады.

«Таза лайф» жеке кәсіпкері 12 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтататынын жеткізді. Бірақ шын мәнінде олар тамыз айынан бері жұмыс істемей, олардың территориясына байланысты шағым көбейді. Қазір «Neo Plus» пен «№27 басқару компаниясы» ЖШС қоқысты уақытылы шығарып жатыр. Тұтынушылар алғашқысына 43 миллион, кейінгісіне 55 миллион теңге қарыз. Халық сол ақшаны уақытылы төлесе мұндай проблема туындамас еді. Негізі жаз айларында қоқыс көбейіп тұр. Құрылыс жұмыстарын жүргізген адамдар бәрін жәшікке апарады, кейбірі қаланың шетіндегі орман ішіне, сай-салаға тастап кетеді. Қазір қала аумағында 375 бей-берекет жатқан қоқыс орны пайда болған. Ғарыштан түсіргенде көрінді. Оны тазартуға 200 миллион теңге қажет», - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Хасен Юсупов.

Айта кетейік, қазір қала сыртындағы емес, ішіндегі қоқысты шығаратын арнайы мекеме табылмай жатыр. Себебі көбінде техника жоқ.

«Қоқыс жәшігінің жанында жатқан құрылыс материалдарын, жиһаз, тұрмыстық техниканы шығаруға бюджеттен қосымша ақша бөлінбейді. Себебі адамдар үйсіз-күйсіз жүр, ал біз қоқыс үшін бюджеттен тағы шығын шығара алмаймыз. Бәрі халықтың сана-сезіміне байланысты. Қазақстанда ең төменгі тариф Ақтөбеде екен. Соны уақытылы төлесе болғаны. Ал біз өзімізді өзіміз қоқысқа батырып отырмыз», - деді Хасен Юсупов.

Жоғары қарай