Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 387.34
EUR 428.44
RUB 6.04
CNY 54.58

Ақтөбе қаласында қоқыс шығару компаниялары жұмысын тоқтатты

2019 жылдың 21 тамыз 2019 13:23

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында қоқыс шығаратын үш компанияның екеуі жұмысын тоқтатты. Қазір осыған байланысты әкімдікте жедел штаб құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаланың бір бөлігіндегі қатты қалдықтарды шығарған №27 басқарушы компаниясы және «Таза Лайф» жеке кәсіпкері өз жұмысын тоқтатты.

«Қаржылық қиындықтарға байланысты екі компания өз жұмыстарын тоқтатып жатыр. Олар – №27 басқарушы компаниясы мен «Таза Лайф» жеке кәсіпкері. Себебі қазіргі тариф арнайы техника мен қызметкерлерді ұстауға арналған қаржыны өтей алмай отыр. Ақтөбеде әр адамға 104 теңге. Тұрғындардың 60% қоқыс шығаруға төлемін жасамай жүр. Сондай-ақ Ақтөбеде ірі қоқысты жинау мәселесі күрделі болып тұр. Мәселен жиһаздар, құрылыс қалдықтары, сантехниканы шығару мәселесі тарифке енгізілмеген», - деп хабарлады қалалық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық бөлімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Екі қоқыс компаниясына тиесілі аумақты өзге компания тазалайды. Олар әзірге ақысыз қызмет көрсетпек. Әрі тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға жаңа байқау жарияланады.

Еске салсақ, Ақтөбедегі екі қоқыс компаниясы жұмысын тоқтатып, 2018 жылы қала аумағы он бөлікке бөлінді. Сәйкесінше 10 компания қызмет көрсетуін бастағанымен арада айлар өткенде бәрі бірінен соң бірі жабылды.

Бүгінде соңғы үш компанияның екеуі жұмысын тоқтатты.

Жоғары қарай