Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 437.20
EUR 475.32
RUB 5.79
CNY 61.94

Ақтау әуежайында барлық жолаушылар тепловизормен тексеріледі

2020 жылдың 25 қаңтар 2020 01:11

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қытайда коронавирустық инфекцияның тіркелуіне байланысты Ақтау қаласының әуежайында санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сақтық шараларына сәйкес, Ақтау қаласының әуежайында шетелден келген барлық жолаушылар қашықтықтан дене қызуын өлшейтін жабдықтың көмегімен тексеріледі», - дейді Әнуар Сағымбаев.

Жеңіл ғана түшкіру жөтелуден басталып, дене қызуының көтерілуі, ауыр демалу, пневмонияға ұласатын А типті инфекция Қытайдың Ухан қаласында өткен жылдың соңында тіркелген. Адамнан адамға жұғу қаупі бар бұл аурудың клиникалық көрінісі жалпы респираторлық синдром ауруларымен бірдей. Аталған инфекциялық ауру «жануарлар арқылы немесе теңіз өнімдерінен таралды» деген болжам да бар. Айта кетейік, осы уақытқа дейін коронавирустың жаңа түрінен 17 адам көз жұмды. Ал бұл дертті жұқтырғандар саны 600-ден асқан. Қазір қауіпті вирусқа байланысты Ухань қаласы жабылды.

«Бүгінгі таңда тұрғындарға адам көп шоғырланған жерлерге бармауға, жануарлар мен балық еті қосылған азық-түлікті жемеуге кеңес береміз. Сонымен қатар жедел респираторлық-вирустық инфекциялары мен тұмау белгілері пайда болған жағдайда шұғыл медициналық көмекке жүгінгендері жөн», - дейді Әнуар Сағымбаев.

Мамандар гигиеналық тазалықты бірінші кезекке қоюды ескертеді. Ең қарапайым, қолды дұрыстап екі-үш қайтара жуып, тіптен адам көп шоғырланған жерлерде медициналық маскамен жүруде артық етпейді дейді олар.

Жоғары қарай