Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 371.56
EUR 422.43
RUB 5.56
CNY 53.51

Ақпарат министрі: Елбасы Жолдауында кездейсоқ тақырып болмайды

2018 жылдың 11 қазан 2018 22:18 118

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауында кездейсоқ тақырып болмайды. Бұл туралы бүгін «Хабар» телеарнасының «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдауда кездейсоқ тақырып болмайды. Бұл бір айдың ішінде жасалатын құжат емес. Ол ауқымды, оның ішінде сараптамалық жұмыстардың да нәтижесі. Мемлекет басшысының өзі де Жолдау қарсаңында қоғамның көңіл-күйіне зерттеулер жүргізілгендігін еске салып өтті. Соңғы уақытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өзекті мәселелері әсіресе, тариф түзу тұрғысында біршама арта түскенін мойындау керек. Азаматтар тарифтің қалай қалыптасатындығын және ақшаларын не үшін төлейтіндігін білгісі келеді. Осы жылдың тамызында Алматыда тарифтің шамамен 5 млрд теңгеге заңсыз көтерілгендігін еске алсақ та жеткілікті», - деді Дәурен Абаев Президент Жолдауына қатысты пікірін білдіре келе.  

Оның атап өтуінше, монополистер жүйелі түрде тұтынушылардың құқықтарын бұзып отырған. Дегенмен, әкімдіктің, прокуратураның, қалалық мәслихаттың және қоғамның дер уақытындағы іс-қимылының арқасында осынау заңсыз әрекеттерге тыйым салынған.

«Азаматтарға шығындары өтеліп берілді. Яғни, мұндай жағдайда монополияға қарсы қызметпен қатар, жергілікті жердегі билік пен азаматтық қоғамның да жұмысы соншалықты маңызды», - деді министр.

Министр Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасы барысында Елбасының балабақшалар, мектептер мен ЖОО-лардағы мәселелерді шешуге қатысты жүктеген тапсырмаларына ойын білдірді. Сондай-ақ Жолдауда Ішкі істер министрлігі алдында тұрған реформалардың басты сұлбасы айқындалғанын атап өтті.

Айта кетейік, биылғы 5 қазанда халыққа кезекті Жолдауын жариялаған Нұрсұлтан Назарбаев көрсетілетін қызметтерге тарифтерді ретке келтіру мәселесіне тоқталып, тұрғындардан жиналған қаражаттың қайда жұмсалатындығы ашық еместігін баса айтқан болатын.

 

 

 

 

 

Жоғары қарай