Ақмола полицейлері заңсыз ағаш кесушілермен күресуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері заңсыз ағаш кесушілермен күресуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметі бойынша, осыдан бірер күн бұрын Зеренді аудандық ПБ кезекшілік бөліміне «Орманды-Бұлақ» филиалының директоры хабарласып, «Көкшетау» МҰТП аумағынан заңсыз ағаш кескендерді ұстап беруін сұраған.
«Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері қаскөйдің 9 қайыңды кесіп, 22 725 теңге залал келтіргені анықталды. Тергеу амалдары кезінде Зеренді ауданы Ермаковка ауылының 32 жастағы тұрғын ұсталды», дейді ведомстводан.
Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 340 бабының 3 бөлігі 4 бөлімшесі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.