Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 386.70
EUR 427.15
RUB 6.06
CNY 54.57

Ақмола облысындағы түйнеме топырақтан шыққан - министр

2019 жылдың 20 тамыз 2019 11:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылындағы түйнеменің қайдан шыққанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нақты айтарым, Ольгинка ауылында биылғы сәуір айында түйнемеге қарсы вакцинация толығымен өткізілген. Мал иелерінің вакциналау жөнінде құжаттары бар. Түйнеме малдан емес, топырақтан жұққан. 1948 жылы түйнеме бойынша осы жерде эпидемия болған, соның қалдықтары болуы мүмкін», - деп түсіндірді Сапархан Омаров Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мал 13-14 тамыз күндері сойылған. Оған тексеру жүргізілген соң, 17 тамызда ғана карантин енгізілген.

«Сойылған ет ешқайда шығарылмаған, оны тұрғындар өзара бөлісіп алған. Қалған ет сол күні өртелді. Қазіргі уақытта 5 адам ауруханада жатыр, олардың жағдайы жақсы, ем алып жатыр», - деді министр.

Сонымен бірге, С. Омаров «Ольгинканың өнімдері елордаға жеткізіле ме?» деген сұраққа жауап берді.

«Карантин біткенше Ольгинкадан ешкім шықпайды. Еш тауар да жіберілмейді. Алдағы 15 күнде емдеу жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін ғана ауыл ашылады. Сондықтан, Нұр-Сұлтан тұрғындарына қауіптенуге себеп жоқ», - деді С. Омаров.

Еске салайық, 16 тамызда Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында түйнемеге қатысты карантин жарияланды. 5 тұрғын ауруханаға жатқызылып, қазір сынамалар зерттеліп жатыр. Ауруханада жатқандардың жағдайы тұрақты. Ольгинка ауылында үй жануарлары арасында індет белгісі анықталған жоқ.


Жоғары қарай