Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 17 °С
валюта бағамы
USD 437.20
EUR 475.32
RUB 5.79
CNY 61.94

Ақмола облысында волонтерлердің облыстық слеті өтті

2020 жылдың 27 ақпан 2020 14:25

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Волонтер жылына орай Ақмола облысында аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың қатысуымен Волонтерлердің облыстық слеті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара басталмас бұрын облыстық жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған «Волонтерлерді қолдау орталығының» тұсаукесері өтті. Онда аймақ басшысына орталық жұмысы таныстырылды. Орталықта волонтерлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Интернетке қосылған ноутбук бар. Осы арқылы жергілікті волонтерлер облыстың әр ауданы мен еліміздің кез келген өңіріндегі әріптестерімен байланыс жасап, тәжірибе алмаса алады. Волонтерлердің басын қосатын орталықта түрлі брифингтер мен кездесулер, шеберлік сабақтары өткілетін болады.

Орталық жұмысымен танысқан аймақ басшысы Ермек Маржықпаев өңірде волонтерлердің қатысуымен көптеген игі істер жүзеге асырылып жатқанын және әкімдік тарапынан оларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.




Бұдан әрі шара «Достар» мәдениет сарайында Волонтерлердің облыстық слетіне ұласты. Шараға аймақ басшысы Ермек Маржықпаев, «Қазақстан волонтерлер лигасы» волонтерлер қозғалысының төрайымы Айсұлу Ерниязова, медицина саласындағы республикалық волонтерлер орталығының басшысы Абылайхан Әбдіраш, «Жақсылық жаса» қайырымдылық қорының төрайымы Татьяна Спиглазова, Целиноград ауданындағы «Жалынды жастар» волонтерлер қозғалысының мүшесі, «Мейрімді жүрек» акциясының бастамашысы Нұрсұлу Ермұханова, Степногор қаласындағы «Поколение» іздеу отрядының мүшесі Валерий Ермоленко, «Рахат» волонтерлер клубының басшысы Аққу Аманжолова, Қазақстан халқы Ақмола облыстық Ассамблеясы жанындағы волонтерлер орталығының төрағасы Умар Шоназаров қатысып, сөз сөйледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Birgemiz» волонтерлер фронт-кеңсесінің ашылуында «Волонтерлік - мемлекеттің дамуы мен жалпы қоғамның дамуының көрсеткіші. Мемлекеттің жетістігі мен жеңісі күн сайын маңызды және пайдалы іспен айналысатын азаматтардың белсенді ісі мен патриоттық көңіліне байланысты» деп атап өткен болатын. Бүгін біз «Ұлттық волонтерлер желісі» мен белсенді ақмолалықтардың пікірін естідік. Жақыныңа көмек көрсету ғасырлар бойы біздің мәдениетімізде қалыптасып келеді. Халқымызда мұны асар деп атайды. Бүгін слет жұмысы барысында Ақмола облысының волонтерлерді қолдау фронт-офисы ашылды. Осы арнайы фронт-офисте өте маңызды бастамалар жүзеге асатынына сенімдімін. Жалпы, биылғы волонтерлік қызметтің 7 бағытын дамытуға белсенді қатысасыздар деп сенем. Ақмола облысының еріктілері әртүрлі волонтерлік қозғалыстарға тұрақты белсенді қатысатыны қуантады. Бүгінгі таңда сіздердің қатарыңыз 2 мыңнан асты. Олардың саны күннен күнге өсуде. Сіздер 7 бағыт бойынша, оның ішінде ауруханалар мен әлеуметтік мекемелерде жұмыс жасап, жоғалған адамдарды табуға, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге, табиғат пен мәдениет ескерткіштерін сақтауға, қаза тапқан сарбаздардың есімдерін қалпына келтіруге, ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге зор үлес қосып жүрсіздер», - деді аймақ басшысы Е.Маржықпаев.




Сонымен қатар, ол биыл Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресей арасында экология және жасылдандыру саласындағы XVII өңіраралық ынтымақтастық форумы өтетінін айтып, осы ауқымды іс-шараның ұйымдастырылуына үлес қосуға жергілікті волонтерлерді шақырды.

Шара барысында Ақмола облысы әкімдігі мен «Ұлттық волонтерлер желісі» қоғамдық қоры, Ақмола облысы әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.




Белсенді волонтерлік ұйымдар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.





Жоғары қарай