Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 389.81
EUR 430.27
RUB 6.06
CNY 54.91

Ақмола облысында үздік жыршы-термешілер анықталды

2019 жылдың 6 қыркүйек 2019 17:35

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда «Текті сөздің төресі - терме» атты жыршы-термешілердің облыстық байқауы өтіп, үздіктері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Тілдер мерекесі аясында ұйымдастырылған байқауға Ақмола облысының әр өңірінен жиналған 16-35 жас аралығындағы 13 жыршы-термеші қатысып, бақ сынады. Қатысушылар биылғы Жастар жылына және Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдық мерейтойына орай тақырыптық бағыттардағы шығармаларды орындады.

Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова ұлттық тәрбие мен халықтық өнерді насихаттауға бағытталған байқаудың маңыздылығына тоқталды.

«Жыр-терме жанрының қазақ өнеріндегі орны ерекше. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың халық ауыз әдебиеті туындыларын кеңінен насихаттау, жыршылар мен термешілердің бай мұраларын елге таныту, дамыту керектігін тілге тиек етті. Қаны қазақ, жаны қазақ адамның терме тыңдамауы мүмкін емес, сондықтан Қазақстандықтардың тілдік мәдениетін жетілдіруге бағытталған осындай шаралар арқылы тағылымға толы тәрбие беретін терме жанрын өңірімізде дамытып, жас термешілерді насихаттаймыз. Терме-толғау – қазыналы қазақ тарихынан сыр шертіп, замана болмысын айқындап, тәрбие береді. Кезінде Майлықожа, Шал ақын, Иманжүсіп термелерінің ел жадында жаңғырып, бүгінгі күнге дейін сақталуының сыры да осында. Қазіргі кезде термешілік өнердің кең құлаш жаюына теледидар мен радио арқылы берілетін хабарлардың және көптеген байқаулардың өткізілуі зор мүмкіндік туғызып отыр. Өңірімізде жыр және терме өнерінде танылып жүрген дәстүрлі әншілеріміз де өз көрермендерін қуантуда», - деді Айна Мысырәлімова.

Бисара Мәкенова, Қайрат Бешімов, Нәзира Бейсенова сынды өңірге белгілі азаматтардан құрылған қазылар алқасы термешілерді әншілік шеберлігіне, таңдаған туындысының мазмұндылығына, сахна мәдениетін ұстауына қарап баға берді.




Сахна төріне бірінші болып шыққан Целиноград ауданының үкілеп қосқан үміті Елбол Қуанбек «Байлауы бекем бес ғасыр» термесін орындап көрермендерді бір желпінтіп тастаса, Болатбек Оразбаевтың «Тәуелсіздік толғауын» орындаған аршалылық Нұрәлі Есхаттың өнеріне жұрт қошемет көрсетті.

Дегенмен, кілең мықтылар жиналған сайыста бағы мен бабы қатар шапқан Ақкөл ауданының үкілеген үміті Азамат Қайыров үшінші орын, Целиноград ауданының өкілі Дәурен Ысқақ екінші орын, ал, көкшетаулық Әлболсын Таңнұр бірінші орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.





Автор Аслан Оспанов
Басты сөздер: Ақмола облысы, Мәдениет,
Жоғары қарай