Ауа райы
Нұр-Сұлтан 19 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 378.38
EUR 431.05
RUB 6.02
CNY 55.00

Ақмола облысында алаяқтар зейнеткердің атына екі несие рәсімдеген

2019 жылдың 5 сәуір 2019 23:55 809

КӨКШЕТАУ.  ҚазАқпарат  - Ақмола облысында алаяқтардың зейнеткердің атына рұқсатсыз екі несие рәсімдегені анықталды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылдың ақпан айында зейнеткер Наталья Шевчук құқық қорғау қызметі орталығына арызданып, өзінің атына  рұқсатсыз екі несие толтырылғанын айтқан. Екі несие де интернет арқылы онлайн рәсімделген. Алайда,  қарияның гаджеті жоқ және ол оны қолдануды да білмейді.

Осы орайда,  нотариус қарияға қатысты «Zing Kazakhstan» ЖШС есебіне 164 мың теңге,  «Capvia» ЖШС есебіне 34 мың теңге көлемінде қарыздарын өндіріп беру жөнінде  екі орындау жазбасын жазып берді», деп  атап өтті прокуратура өкілдері.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, құқық қорғау қызметі орталығының прокурорлары зейнеткерге орындау жазбаларына қарсылық білдіруге көмектесті. Осының нәтижесінде орындау жазбалары күшін жойды.

«Бұдан бөлек прокуратураның талабы бойынша Көкшетау қаласының полициясы белгісіз адамдардың үстінен алаяқтық әрекеті үшін  қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды», деп  толықтырды ведомстводан.

Сонымен қатар,  осындай көмек Көкшетау қаласының тағы екі тұрғыны А.Қабдрешова мен Ж.Тәшімоваға да көрсетілді.  Олардың әрбіреуінің атына заңсыз 70 және 180 мың теңге көлемінде несие толтырылған.

Осы орайда,  зейнеткер Наталья Шевчук дер кезінде құқығын қорғауға атсалысқан құқық қорғау қызметі орталығының прокурорларына алғысын білдірді.

«Осы алаяқтық оқиғаға байланысты азаматтарға жеке құжаттарының көшірмесін  біреуге немесе үшінші жаққа бергенде сақ болуға шақырамыз», - деп ескертті азаматтарды Ақмола облысының прокуратурасы. 

 

 

Жоғары қарай