Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 387.48
EUR 428.98
RUB 6.05
CNY 54.93

Ақмола әкімі мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды

2019 жылдың 27 қыркүйек 2019 18:50

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Ауыл - ел бесiгi» арнайы жобасын жүзеге асыру барысы аймақ басшысы Ермек Маржықпаевтың жіті бақылауында, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстағы елді мекендердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы мен әлеуметтік объектілерін дамытуға бөлінген қомақты мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалану аймақ басшысының ұдайы бақылауында. Сол себепті облыс әкімі жергілікті жерлерге барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып жүр.

Осы мақсатта аймақ басшысы Ермек Маржықпаев Аршалы ауданында болып, «Ауыл - ел бесiгi» арнайы жобасы шеңберінде құны 1,3 миллиард теңге болатын үш жобаны жүзеге асыру жұмысымен танысты. Облыс әкімі өткен айда ғана Аршалы кентінде болып, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, №2 орта мектептің күрделі жөндеуі, сондай-ақ көше-жол желісін жақсарту жұмыстарының басталуына көңіл бөлген еді.




Бүгінгі таңда мектепте терезе блоктары орнатылған, қасбетінде жұмыстар жүргізілуде. Инженерлік желілер мен төбесі түгел ауыстырылады. Іргесі 1964 жылы қаланған мектепке 56 жыл өткен соң ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты мектеп оқушылары Жұмабек Тәшенов атындағы мектепке уақытша ауыстырылды. Қос мектептің оқушылары екі ауысымда оқып жатыр. Ермек Маржықпаев мердігерлерге жұмысты ширатып, күн суытқанша негізгі жұмыстарды аяқтауды тапсырды.




Орталық көшелердің 7 шақырымында асфальт төселіп, шұңқырлар тегістелген. Көше сызықтары салынып, автобус аялдамалары мен көше белгілері орнатылған. Облыс әкімі келесі жылы кентте заманауи тротуарлар құрылысын салу үшін алдын ала жоспарлауды тапсырды.

Өңір басшысының дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының баяу қарқынына көңілі толмады.

«Жұмыс кестесін өздеріңіз жасап алғансыздар. Ауа райын көріп отырсыздар ғой, жұмысты ширату керек», - деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы көпқабатты үйлер қосылған жаңа жылу қазандығында болды.







Жоғары қарай