Ауа райы
Нұр-Сұлтан 1 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 378.90
EUR 422.74
RUB 5.87
CNY 54.80

«Ақ жол» партиясынан сайлауға түсетін кандидат белгілі болды

2019 жылдың 24 сәуір 2019 18:19 1185

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы Дания Еспаеваны ресми түрде президенттікке үміткер ретінде бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Құрылтай делегаттары құпия дауыс беру арқылы өз таңдауын жасады. Бұған дейін «Ақ жол» партиясының атынан 6 адам президент сайлауына қатысуға ниетті болған. 13 сәуірде «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің пленумы президент сайлауына үміткерлерді анықтай алмады.

Осы уақытқа дейін төрт адам - Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Қуат Рахымбердин, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Асан Қошмамбетов, Атырау облыстық филиалының өкілі Серік Ерубаев және СКО филиалының төрағасы Евгений Кинцель өз кандидатурасын ұсынған болатын.

Бертін келе оларға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева мен Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев қосылды. Бүгін барлық үміткерлер өздерінің бейнебаянын көрсетіп, сайлауалды ұстанымдарын жариялады. Сондай-ақ, делегаттардың сұрақтарына жауап берді.

Ал дауыс беру кезінде 190 делегаттың 49,5 проценті депутат Дания Еспаеваның кандидатурасын қолдады. Бірақ кандидаттың дауысы 50 проценттен асуы керек.

Осыдан кейін президиум мүшелері кеңесіп, екінші турды өткізбеу жөнінде шешім қабылдады. Себебі Д.Еспаеваның басымдығы айқын болды. Делегаттар аталған шешімді қолдады. Сөйтіп, Дания Еспаева партияның атынан президент сайлауына кандидат ретінде бекітілді.  

Жоғары қарай