Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

Ақ Жайық жастары Елбасымен бірге екендіктерін флешмобпен бейнеледі

2019 жылдың 21 наурыз 2019 17:20

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы тұңғыш Президент алаңында «Ақ Жайық жастары Елбасымен бірге» атты флешмоб ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белсенді жастар, қоғамдық бірлестіктер мүшелері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері еліміздің көк байрағын көтеріп, жүрек сұлбасын бейнеледі.

Осылайша олар Елбасына деген жүректен шыққан шынайы ықылас-пейілдерін көрсетті.

«Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиевтің айтуынша, шараға 200-ге жуық жастар қатысты.

«Осы шара арқылы облыс жастарының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген шексіз алғысы мен зор ілтипатын білдіріп, Ұлт көшбасшысының тарихи маңызды шешіміне қолдау танытуды мақсат еттік. Көп ұлт өкілдері мекендеген Қазақ елін отыз жыл бойы басқарып, бәсекеге қабілетті, күллі әлем таныған мемлекетке айналдырған, сонымен қатар жеткіншек ұрпақтың алаңсыз білім алып, бейбіт аспан астында бақытты ғұмыр кешуін қамтамасыз еткен Елбасына Ақ Жайық жастары атынан алғысымызды білдіреміз», деді Нұрғали Жолдасқалиев.

«Елбасы бізге үлкен сенім артты, сол үмітті ақтауға тиіспіз», деді «Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалының менеджері Азамат Мағзұм.

«Нұрсұлтан Әбішұлына ең алдымен тәуелсіздігіміз үшін рахмет айтамыз. Біз көп ұлтты мемлекетпіз. Тұрақтылық, келісім мен бейбітшілік салтанат құрған еліміз сеніммен алға басып келеді. Елбасымыз жастарға жол ашты. Осының бәрі үшін алғыс айтамыз», деді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенті Әсемгүл Кенжеғалиева.

Жастар шараны «Рахмет сізге, Елбасы!» деген сөзбен түйіндеді.

Жоғары қарай