Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Аграрлық ғылым нәтижелерін коммерцияландыру қалай жүргізілуде

2020 жылдың 18 ақпан 2020 11:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков аграрлық ғылым нәтижелерінің қаншалықты пайдаға жарап жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда елімізде ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жұмыс басталды. Ғылым өз кезегінде өз жұмысының нәтижелерін Агротехнологиялар трансферті және коммерцияландыру орталығына ұсынады. Орталық фермерлермен лицензиялық келісімге келіп, олардан интеллектуалдық меншікті пайдаланғаны үшін роялти (лицензиялық сыйақы) алып отырады. Осыдан кейін роялтидің 30 пайызы ғалымдарға беріледі. Ал тағы 30 пайызы ҒЗИ шотына аударылса, қалған 40 пайызы жаңа зерттеулер қорына беріледі», - деді Төлеутай Рақымбеков Парламент Мәжілісіндегі аграрлық мәселелер комитетінің аграрлық ғылымды, білім және өндірісті интеграциялау мәселелері бойынша отырысында.

Осы механизм бойынша елімізде жалпы сомасы 108 миллион теңгеге 32 келісімге қол қойылған. Оның 32 миллион теңгесі сұрыптардың авторларына берілген.

«Қазақстандағы роялтидің әлеуетті қорын жылына 10 млрд теңгеге дейін жеткізуге болады. Мұндай жағдайда ол соманың 3 млрд теңгесін ғалымдарға беруге болар еді. Биыл роялтидің көлемін 700 млн теңгеге жеткізу жоспарда бар», - деді ол.

Төлеутай Рақымбеков роялти жүйесі ғалымдардың табысын арттырып қана қоймай, жұмыс сапасына маңыз беруге жігерлендіретінін айтады.

Айта кетсек, бұған дейін Төлеутай Рақымбеков отандық аграрлық ғылымның басты проблемаларын атаған болатын. Оның айтуынша, біздегі аграрлық ғылымның басты мәселесі – білім беру, трансферт пен коммерциялық технологияларды ұсыну бойынша ұйымдастыру жұмысының әлсіздігі болып отыр.


Жоғары қарай