Ауа райы
Астана -11 °С
Алматы -6 °С
валюта бағамы
USD 371.56
EUR 422.43
RUB 5.56
CNY 53.51

ӘЧ-2018: Сенегал тағы да сенсация жасай ма

2018 жылдың 19 маусым 2018 12:14 68

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 19 маусымда Н тобындағы алғашқы тур ойындары басталады. Ресей астанасы - Мәскеу қаласындағы «Спартак» стадионында Польша мен Сенегал құрамалары доп тебеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ашығын айтқанда, бұл кездесуге жанкүйер аса зор қызығушылық таныта қоймайды. Себебі белгілі, қос құраманың да әлемдік футболда алып бара жатқан беделі жоқ. Ортанқол құрамалар санатына енеді. Рас, құрамында шеберлігі шыңдалған саңлақтар бар. Алдымен Польша жайында айта кетелік. Поляк жігіттері бұған дейін 4 мәрте дүбірлі додаға келді. 1974, 1982 жылдары қола жүлдегер атанды. Бұл олардың дәуірі дүрілдеп тұрған кезі болса керек-ті. Одан кейін қатардағы құрамалар санатына енді. Еуропа біріншілігінде 2016 жылы ширек финалға дейін жетті. Олардың сапында Германияның «Бавария» командасының шабуылшысы Роберт Левандовски бар. Үстіміздегі жылдың 21 тамызында орда бұзар отыз жасқа толатын саңлақ өз құрамасын өрге сүйрей ала ма? Ол гол соғу жөнінен құрамасында рекорд орнатқан. Бүгінгі күнге дейін 91 мәрте жасыл алаңға шығып, қарсыластар қақпасын 51 мәрте дәл көздеді. Осының нәтижесінде ол 1963-1980 жылдарда құрама жейдесін киген Влодзимеж Любаньскийдің рекордын жаңартты. Әзірге оны басып озатын ешкімнің қарасы көрініп тұрған жоқ.
Польша іріктеу кезеңінде біздің Қазақстан құрамасымен бірге Е тобында сынға түскені белгілі. Алғашқы турда 2016 жылдың 4 қыркүйегінде олар біздің жігіттермен 2:2 есебімен тең ойнады. Есесіне қарымта кездесуде 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Іріктеу кезеңінде сырт алаңда Даниядан 0:4 есебімен жеңіліп және біздің құрамамен тең ойнағаны болмаса қалғанының барлығында үш ұпай олжалады.
Өз тобында бірінші орынмен әлем біріншілігіне тікелей жолдама алды. Құраманың бас бапкері Адам Навалка шәкірттерінің алдағы ойынға тастүйін дайын екенін жеткізді. Алған жарақатына байланысты қорғаушы Камиль Гликтің Сенегалға қарсы шығу-шықпауы белгісіз болып отыр. Қазір олар ФИФА рейтингінде 8-орында келеді.
Сенегал құрамасы 2002 жылы айды аспанға бір-ақ шығарды. Африкалықтар іріктеу кезеңінде жарыстың бірінші сатысында Бенинді орта жолда тастап, топтық сатысында Марокко, Мысыр, Алжир, Намибия секілді қарсыластарын артта қалдырды. Осылайша Оңтүстік Корея мен Жапониядағы дүбірлі додаға жеткен африкалық құрама алғашқы кездесуде азулы Францияны 1:0 есебімен жеңіп, одан кейін Даниямен 1:1, Уругваймен 3:3 есебімен тең ойнады. Жарыстың 1/8 сатысында Швецияны қосымша кезеңде 2:1 есебімен жеңді. Олардың екпінін Түркия басты. Түрік жігіттері ширек финалда сатысында Сенегалды қосымша кезеңде 1:0 есебімен сүріндірді. Одан кейінгі жылдарда мұндай қарқынды ойынымен даралана қойған жоқ.
Есесіне олар Африка ұлттары кубогының финалдық кезеңіне 14 мәрте шығып, 2002 жылы күміс жүлдегер болды. ФИФА рейтингісінде олар 27-орында келеді. Осыдан 16 жыл бұрын құрама сапында өзге ойыншылар жасындай жарқылдап көзге түскен еді. Бұл кезеңде құрамаға француз маманы Брюно Метсю бапкерлік жасады. Қазір олардың орнын жастар алмастырды. Осындай үздіктер қатарында Англияның «Ливерпуль» командасында тер төгіп жүрген Садио Манені айтуға болады. 2015 жылдан бері ұлттық құраманы жергілікті маман Алью Сиссе жаттықтырады. Жалпы, Сенегал тағы бір сенсация жасай ма деген үміт бар. Өйткені, бұл топтағы құрамалардың шеберлік деңгейі бір-бірімен қарайлас. Топта Польша мен Сенегалдан өзге Колумбия мен Жапония сынға түседі.
Бұл кездесу бүгін, 19 маусымда болады. Ойын 21.00-де «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Қалған ойындардың толық кестесін мына жерден көруге болады. 

Автор: Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай