Ауа райы
Астана 6 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

Абзал Нүкенов: Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі - «Әділет алаңына» айналуы тиіс

2019 жылдың 17 маусым 2019 16:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Саясаттанушы Абзал Нүкенов Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастамасына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Саясаттанушы Абзал Нүкенов соңғы кездері жұртшылық арасында туындап жатқан мәселелерге тоқталып, проблемаларды шеру арқылы көрсетудің соңы жақсылыққа жеткізбейтінін, қайта жүйелетіп шешудің жолдарын қарастыруды ұсынды.

«Қоғам пікірінің жеткізілуіне (соның бір формасы митинг) жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеті деп қабылдау қажет. Бұл, келісе атқарылса, қадағалауға да, қауіпсіздікке де тиімді. Сондықтанда, жергілікті билік заңға қайшы келмейтін (анық жазылған) өтініштерге, жалтақтамай рұқсат беріп үйренуі керек. Митинг десе төңкерісті елестететін адамдар аз емес. Бұл түбегейлі қате түсінік. Қоғам мен мемлекет тарапынан митингтерге орай дұрыс мәдениет қалыптастыра білу керек. Бастысы, бұл шерулер шеру үшін емес, мәселені шешу үшін үн қатудың формасы екенін, ертең де күн бар екенін ұмытпаған абзал», - деді саясаттанушы.

Ол сөз арасында өзге елдерге еліктеп, проблемаларды митинг арқылы шешу сәнге айналып кеткенін қозғап өтті. Алайда бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан сан ғасырлық мұратымызды қатерге тігу болып есептелетінін еске салды.

«Енді мәселенің төркініне келсек, күрделі мәселелерді көшелетіп шешуді сәнге айналдырып, жеңіл жорық жасаудан сақтанған жөн. Бұған сансыз себеп, мың маңыз, саналған салдар арқау болуы керек. Әр елдің өз ерекшелігі болады. Басқаға еліктеп, жеңіл романтикаға еріп, сан ғасырлық мұратымызды қатерге тігуге xақымыз жоқ. Жылдар бойы сіресіп қалған проблемаларды көшелетіп емес, жүйелетіп шешуді жолға қою керек. Ол үшін, әрине, мемлекеттің тиісті институттары мән-мақсатына сай жасақталып, жұмыс істеуі керек. Парламент пен маслиxаттарда қоғамның өткір проблемалары мен ой-пікірлері талқылануы керек. Сот жасақталуына қоғам қатысуын қамтамасыз ету керек. Бұл және де басқа да өзгерістер саяси реформаларды қажет етеді», - деді Абзал Нүкенов.

Ал билік пен халық арасында құрылған диалог алаңы қоғамдағы күрделі мәселелерді көшелетіп шешуді емес, өзара диалог арқылы келісіммен шешуге септігін тигізетінін алға тартты.

«Сең қозғалды, реформаларды келісіп жүргізу үшін диалог алаңы құрылды. Көпшілікте күмән көп. Десе де, бұл қадам жаңа жағдайда жасалып отыр, яғни үмітке негіз бар. Мен бұл кеңесті "Әділет алаңы" деп атауды ұсынар ем. Өйткені, онда талқыланатын мәселелердің барлығы аты айтып тұрғандай әділдікпен шешіліп, жүзеге асырылуы тиіс. Оның құрамы да әділ қалыптастырылуы керек», - деді саясаттанушы.

Сөз соңында: «Қалың xалықтың қара күшін көшеге шақырып, ойнағаннан сақтану керек. Құнын қалтамыз түгелі мұратымыздан асырып алмайық», - деп түйіндеді Абзал Нүкенов.

Басты сөздер: Қоғам,
Жоғары қарай