Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 447.67
EUR 491.36
RUB 5.74
CNY 63.07

Абай мерейтойы: Волонтерлер ЮНЕСКО деңгейіндегі шараларға дайындалуда

2020 жылдың 16 ақпан 2020 18:45

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскеменде бір жылдың ішінде волонтерлік ұйымдардың саны үш есеге артқан. Бүгінде олар Абайдың 175 жылдығына орай ЮНЕСКО көлемінде болатын мерейтойлық шараларға дайындық үстінде. Бұл жайлы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық Жастар ресурстық орталығы базасындағы волонтерлер орталығының жетекшісі Сырым Қайсарбеков айтып берді.

«2011 жылы Өскемен Политехникалық колледжінде оқып жүрген кезімде волонтерлік жұмыстарға қатыса бастадым. Бірде қала әкімдігі мен Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі мұқтаж жандар мен зейнеткерлерге көмір алып берді. Еріктілер қара отынды әр үйге түсіруге көмектестік. Сол кезде қазыналы қарттардың жанарынан ризашылықтың лебін байқағанымда ерекше әсерге бөленгенім рас. Өзімді осы бағытқа арнағым келетінін дәл осы мезетте түсінгендеймін», - дейді ол.

Сөйтіп, Сырым Қайсарбеков 2014 жылы қалалық Жастар ресурстық орталығына маман болып жұмысқа орналасқан. Ерікті ретінде сан алуан шараларға қатысып, көпке көмек көрсетуді өмірлік мақсатына айналдырған.




«Шығыстың шыңылтыр аязында далада жаурап тұрған адамдарға ыстық шай ұсынып, мүмкіндігі шектеулі жандардың, қарттардың аулаларындағы қарды күрейміз. 1 наурыз – Алғыс айту күнінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне азық-түлік апарамыз. Шаһарды көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына да қатысамыз. Менің ойымша, волонтер атанғысы келгендердің бірінші кезекте адамгершілігі мол болу керек. Содан кейін айналасындағыларға деген сүйіспеншілік пен қоғамға титтей де пайдамды тигізсем деген ниет қажет», - дейді волонтер.

Қазірде Өскемен қаласында 737 волонтер бар. Жыл сайын олардың саны артып келеді. Мысалы, былтыр тек 2 жоғары оқу орнында волонтерлік ұйым болған. Ал биыл аталмыш ұйымдар тағы 1 университет пен 5 колледжде ашылған.

«Осы жылдың қаңтар айының аяғында Өскеменде волонтерлер орталығы ашылды. Мұндағы мақсат – еріктілердің санын арттыру, оларды қоғамдық жұмыстарға тарту. Сол жерде екі координатор жұмыс істейді. Бұл еріктілердің басын қосып, алдағы жоспарлардың бүге-шүгесін талқылап отыруға жақсы мүмкіндік тудырды», - дейді Сырым Қайсарбеков.

Оның айтуынша, бүгінде еріктілер Абайдың 175 жылдығына орай Абай ауданы Қарауыл ауылында ЮНЕСКО көлемінде болатын мерейтойлық шараларға дайындалуда. Сондай-ақ тоқсан сайын үздік волонтерлерді марапаттау үшін тиісті ережелер құрылуда. Ал жыл соңында «Жылдың үздік волонтері» және «Жылдың үздік волонтерлік ұйымы» атты екі номинацияның жеңімпаздары анықталмақ.


Жоғары қарай