Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 389.98
EUR 434.01
RUB 6.10
CNY 55.04

8 қатеге екілік: ҚР Президентіне үміткерлер мемлекеттік тіл емтиханын қалай тапсырады

2019 жылдың 22 сәуір 2019 13:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыстан кейін лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков үміткерлер тапсыратын емтихан талаптарын түсіндірді.

Төрағаның айтуынша, емтихан үш кезеңнен құралған.

«Бірінші кезеңде үміткер конвертте жасырылған тақырыптардың біріне жазбаша жұмыс тапсырады. Жазбаша жұмыс 2 беттен аспауы керек, оны жазуға 1 сағат уақыт беріледі. Егер үміткер 1 сағатта жазып бітіре алмаса, комиссия ақылдаса келе, қосымша жарты сағат бере алады. Комиссия мүшелері жұмысты мұқият тексереді, әріп қатесін, тыныс белгілерін қадағалайды. Мәселен, 8 орфографиялық қате табылса, екілік қойылады», - деді Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Екінші кезеңде үміткер комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын мәтінді дауыстап оқиды.

«Үміткерлер оқитын кітаптарды бекіттік. Оған тек қазақ ақын-жазушыларының мұрасын алдық. Комиссия ұсынған кітаптардың бірінен үміткер 15 минут үзінді оқиды. Бұл кезеңде үміткердің дауыс ырғағы, оқу мәнері бағаланады. Яғни, Президент болатын қайраткер мемлекеттік тілде еркін оқи алуы керек деп есептейміз», - деді М. Жолдасбеков.

Үшінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия берген тақырыптардың біріне сөз сөйлеуі қажет.

«Оның да тақырыптары конвертке салынып, бекітілген. Әсіресе, тақырыптар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, жетістіктері жөнінде болмақ. Үміткердің сөз сөйлеуі комиссияны қанағаттандырмаса, тақырыпты тереңірек ашу үшін қосымша сұрақтар қоюымыз мүмкін. Апелляция бұған дейінгі сайлауларда тәжірибемізде кездеспеген. Егер үміткерлер тарапынан шағым түссе, Орталық сайлау комиссиясы шешім қабылдап, апелляцияны талқылайтын боламыз», - деді төраға.

Атап өткен жөн, лингвистикалық комиссия отырысына оның мүшелері мен ҚР Президенттігіне үміткерден басқа, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылар ретінде қатысады. Лингвистикалық комиссияның шешімі комиссия мүшелері санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады, отырыс хаттамасымен рәсімделеді.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

19 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ҚР президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілде еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия құрылды. Комиссия құрамына Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Серік Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек енді.

Автор Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: Сайлау 2019, Тіл,
Жоғары қарай