Ауа райы
Астана -9 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 376.51
EUR 418.91
RUB 6.13
CNY 54.90

600-ден астам теміржол қызметкері марапатқа ие болды

2019 жылдың 13 желтоқсан 2019 17:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Компанияның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев қызметкерлерді Тәуелсіздік күнімен құттықтады және де биылғы жылы компанияның жетістіктері мен қызметінің нәтижелеріне тоқталып, болашақтағы жоспарлармен бөлісті.

«Көптеген сынақтар арқылы жүріп өткен жолымыз барлық салада қуатты әлеуетке ие, тәуелсіз мемлекетті құруға мүмкіндік берді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржолшылардың күн сайынғы ауыр жұмысының арқасында еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін жүзеге асыруға, көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді», - деп атап көрсетті Сауат Мыңбаев.

Сонымен, 11 айдың қорытындысы бойынша компания 286,6 млн тоннадан астам жүк тасымалдады. Қазақстан арқылы өтетін барлық көлік дәліздері арқылы контейнер жүкті тасымалдау өсуде. 590 мыңнан астам ЖФБ контейнерлі жүк тасымалданса, бұл 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26% жоғары. Бұл ретте, транзиттік тасымал шамамен 15,5 млн тоннаны құрады.

Салтанатты жиын барысында Сауат Мыңбаев өндіріс озаттарына мемлекеттік және салалық марапаттарды табыс етті. Қазақстанның көлік-логистикалық кешенің дамытуға қомақты үлес қосқаны үшін 21 қызметкер марапатқа ие болды. Солардың қатарында «Ірілендірілген Есіл жол дистанциясының» жол монтері Жұмабай Рахметов, «Жамбыл магистралдық желі бөлімшесінің» цех мастері Ерғали Соқенов, Астана жол дистанциясының өндірістік оқыту мастері Еркен Сәрсебаев және басқалары бар.

Жалпы теміржол саласында мемлекеттік және салалық наградаларға 600-ден астам теміржол қызметкері ие болды.

Сондай-ақ Сауат Мыңбаев ҚТЖ-ның 100 жас тұлғасы» республикалық сайысының жеңімпаздарын құттықтады, олардың 13-і «Инновация», 47-сі – «Әлеуметтік жауапкершілік» және 40-ы «Кәсібилік» номинацияларының жеңімпазы.

«Компанияның 100 жас қызметкері болашақ басшылық резервіне алынды. Бұл жастар – компанияның жарқын болашағы! Біз ары қарай да олардың жасампаздық әлеуетін ашу, жас қызметкерлерді инновациялық қызметке тарту, кәсіби өсуі үшін жағдай құруға бағытталған жастар саясаты бағдарламаларын жүзеге асыруға үлкен көңіл бөлетін боламыз», - деді Сауат Мыңбаев.

Салтанатты жиын соңынан темір жол еңбеккерлері «ҚТЖ» ҰК» АҚ өз қызметкерлерінің ерік-жігерімен әзірленген мерекелік концертті тамашалады.




Басты сөздер: Тәуелсіздік күні, ҚТЖ,
Жоғары қарай