Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 378.60
EUR 417.75
RUB 6.13
CNY 54.58

6 қазан. Туған күн иелері

2019 жылдың 6 қазан 2019 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 6 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

96 жыл бұрын (1923-2001) республикадағы хореография өнерінің қалыптасып даму жолына мол үлес қосқан қазақтың тұңғыш кәсіби биші-балетмейстері, Қазақстанның халық әртісі Дәурен Тастанбайұлы ӘБІРОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Алматы хореография училищесін, Мәскеу қаласындағы театр өнері институтының балетмейстерлік бөлімін бітірген. 1952-1977 жылдары - Қазақ академиялық опера және балет театрында балетмейстер болып, театр сахнасында М.Чулакидің «Жастық», Ф.Яруллиннің «Шурале», Ғ.Жұбанованың «Аққұс туралы аңыз», Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» т.б. балеттерін, сондай-ақ опералық және драмалық спектакльдер мен фильмдердің билерін қойған. Ол Альберттің (А.Адан «Жизель»), Нұралының (Б.Асафьев «Бақшасарай бұрқағы») т.б. партияларын биледі. Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші онкүндігіне қатысқан. 1952 жылдан Алматы хореография училищесінде, Алматы театр және кино өнері институтында, Қазақ қыздар педагогикалық институтында, Жоғары хореография мектебінде педагогикалық қызметпен айналысқан. Ә.Исмаиловпен бірге «Қазақтың халық билері» атты кітап жазған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.




57 жыл бұрын (1962) ҚР Парламенті Сенаты аппаратының басшысы Серік Сіләмжанұлы СЫДЫҚОВ дүниеге келді.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер. Қазақ КСР Еңбек мемлекеттік комитетінде еңбек ресурстары бөлімінің аға экономисі және іс басқару аға инспекторы, ҚР Еңбек министрлігінің жұмыспен қамту бас басқармасында еңбекті құқықтық реттеу бөлімінің бас заң кеңесшісі, Жұмыспен қамту мемлекеттік қызмет инспекциясының бастығы, Жұмыспен қамту бас басқармасы бастығының орынбасары; «Тұран-Агро» ЖШҚ заң бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президентінің Жоғарғы кеңестегі өкілінің аға сарапшысы, ҚР Парламенті Сенаты аппаратында консультант, құқықтық сараптама бөлімінің сектор меңгерушісі, сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Әкімшілік бөлім меңгерушісі, аппарат басшысының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 2016 жылғы қаңтардан бері қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, ТМД ПАА Құрмет грамотасымен, «ТМД ПАА. 20 жыл» күміс медалімен, бес медальмен марапатталған.




55 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Асқар Спартакұлы СМАЙЛОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Қарағанды ​​мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген (1989).

Еңбек жолы: Жамбыл облыстық мемлекеттік төрелігінің арбитрі (1989-1994); Жамбыл облыстық төрелік сотының судьясы (1994-1995); Жамбыл облыстық сотының судьясы (1995-2009); Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы (2009); Жамбыл облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы (2010-2015).

2015 жылғы желтоқсаннан бастап қазіргі қызметінде.




50 жыл бұрын (1969) белгілі қазақстандық кәсіпкер, меценат, «Алтын Қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы әрі бас директоры, «Altyn Kyran» Халықаралық қайырымдылық қорының президенті Исламбек Тілеубайұлы СӘЛЖАНОВ дүниеге келді.

Ол Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын, хирург (1993); Қазақ мемлекеттік басқару академиясының жанындағы Нарық институтын, экономист (1997); Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясын – Мәскеу қаласындағы Бизнес және іскерлік басқару институтын, маркетинг және сатылымдарды басқару (2005); Дьюк университетінің жанындағы Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебінің ықпалдастығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жанындағы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебін (2012) бітірген.

Еңбек жолы: Ақтөбе қаласындағы «Мақсат Капитал» ШЖК құрылтайшысы әрі директоры (1993-1998); «AKZHOL» қазақ-неміс біріккен кәсіпорнының тең құрылтайшысы және директоры (1998-2000); «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «Қазақойл-Продактс» ЖШС Ақтөбе филиалының директоры (2000-2001); «AKZHOL» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры (2001-2004).

«Құрмет» орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен; «Білім беру меценаты-2012» Алтын медалі және дипломымен марапатталған.




48 жыл бұрын (1971) - «Қазмортрансфлот» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының бас директоры Марат Көшкінбайұлы ОРМАНОВ дүниеге келді.

Севастополь жоғары әскери-инженерлік техникумын бітірген, инженер-механик; Қайнар университетінің халықаралық қатынастар факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштеріндегі қызмет (1993-1996); жетекші маманнан бастап «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да жетекші инженерге дейін әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді (1996-2001); 2001-2005 жылдары «Қазмортрансфлот» ҰТК Ақтау филиалының директоры, бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары, бас директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

2005 жылғы қараша айынан бері қазіргі қызметінде.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай