Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 30 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

5 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 5 сәуір 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2020 жылғы 5 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Көші-қон полициясы күні

1993 жылдың 5 сәуірі күні Министрлер кабинеті «Қазақстан Республикасындағы паспорттық жүйе туралы ережені» қабылдады. Осыдан кейін паспорттық-визалық қызмет қайта құрылды. Бұл көші-қон полициясының құрылған күні болып саналады. Қызметтің құрылымы, міндеттері өзгерді. Дегенмен, оның қазіргі атауы 1999 жылы енгізілді.

Қазақстанда геолог күні

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы 164 Жарлығына сәйкес, сәуір айының бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Бурабай курорты ашылды.

1920 жылы Ғұбайдолла Әлібеков (1871-1923) Қазақстанның әділет министрлігінің бірінші комиссары, Қазревкомға мүше болып сайланып тарихта қалды. Ғұбайдулла Әлібеков Қазревкомдағы мүшелік міндеттерінен басқа тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету, Ақмола, Ақтөбе, Адай уездеріндегі төтенше оқиғалардың тергеу жұмыстарында белсенді қоғамдық қызметтерді жүргізді.

1991 жылы «Жанубий Козогистон» газеті алғаш рет жарыққа шықты. Қазақша аударғанда «Оңтүстік Қазақстан» дегенді білдіретді.

1996 жылы Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үкіметі басшылары кеңесінің кезекті мәжілісінде жанармай, энергия және су ресурстарын пайдалану, Орталық Азия аумағында газ құбырларын салу және пайдалану туралы келісімге қол қойылды.

1997 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамырды «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні ретінде бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.

1997 жылы Орал қаласында Алашорда қайраткерлері Жанша мен Халел Досмұхамедовтерге мемориалдық тақта орнатылды.

2006 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Наз» халық биі ансамблі қазақ би өнерінің тарихында тұңғыш рет қазақ күйлері желісімен «Тұйғындар» би спектаклі қойылды. Биді қоюшылар өскелең жасқа бұл шығарма арқылы елдің тарихы мен мәдениетін түсіндіруге тырысқан. Биге Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Е. Брусиловскийдің «Желдірме», А. Жайымовтың «Шалқыма», М. Бердіғұловтың «Көк бөрі», Ә. Қазақбайдың «Жаппас қылыш домбыра», «Тілепалды», Б. Рыспанбеттің «Қыз елік», «Тұйғындар» секілді туындыларымен қатар, халық күйі «Кеңес» пен халық әні «Дедімай-ау» әуені пайдаланылған. 1999 жылы құрылған «Наз» халық биі ансамблі Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биінің ІІ республикалық байқауының жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» байқауының Бас жүлдесі мен Қытайда өткен байқаудың алтын жүлдесін иеленген. Бұл күнде құрамында 50 балет бишісі бар ұжым әр ұлттың 100-ден астам биін меңгеріп отыр.

2010 жылы Америка Құрама Штаттарының Президенті Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Болат Сембиновті «Құрмет легионы» медалімен марапаттады. Награданы АҚШ Орталық қолбасшылығының командирі генерал Дэвид Петрэус тапсырды. Генерал-лейтенант Болат Сембинов өз кезегінде Қазақстан мен АҚШ үшін ортақ қатерлерге қарсы күресте, ең алдымен, халықаралық терроризмге қарсы күресте біздің офицерлер мен сарбаздарымыздың қосқан үлесін атап өтті.

2011 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде R&D-зертханасының салтанатты ашылуы болып өтті. Бұл Қазақстанда осындай деңгейдегі бірінші және жалғыз жоба. Зертхана ақпараттық-коммуникацилық технологиялар саласын дамыту үшін заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес білім сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті қалыптастыру мақсатымен ашылды.

2016 жылы Алматыдағы 2017 жылғы қысқы Универсиада халықаралық студенттер ойындарына қатысуға тіркелген елдер саны бойынша рекорд орнатты.

2018 жылы Астрахан облысынан Құрманғазы домбырасының көшірмесі әкелініп, Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық аспаптары мұражайына табысталды. Бұл сыйлықты мұражайға 69 жастағы қазақстандық жеңіл атлетика жаттықтырушысы Едіге Нәбиев тапсырды. Ол аспапты қарағайдан жасаған. Көшірменің түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ және үні жақсы шығады. Астрахан облысының Алтынжар ауылында сақталған түпнұсқасында Құрманғазының қолтаңбасы бар.

2019 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан «Прогресс МС-11» жүк кемесі Халықаралық ғарыш стансасына түйісіп, жүкті орбитаға жеткізу жылдамдығы бойынша рекорд орнатты (3 сағат 21 минут).




Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай