Ауа райы
Астана -12 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 386.19
EUR 427.71
RUB 6.07
CNY 54.87

«5-20-25» бағдарламасына кім қатыса алады

2019 жылдың 18 қараша 2019 14:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «5-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына кімдердің қатыса алатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізгі шарттардың бірі олар әкімдікте баспана кезегінде түруы тиіс. Әрбір кезек көпбалалы отбасы, жетім балалар, мүгедек балалардың ата-анасы, мемлекеттік, бюджеттік қызметшілер деп жеке-жеке санатқа бөлінген. Бірақ, санатқа байланысты олардың шынымен баспанаға мұқтаж әлде мұқтаж еместігін анықтауға болмайды. Мәселен, менің жалақым маманның жалақысына қарағанда жоғары. Ал заңға сәйкес, біз кезекте тұруға құқылымыз. Сондықтан кезекте тұрғандарды кірістері бойынша бөлуге шешім қабылдадық», - деді ол Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, бұл бағдарламаға 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтар (92 мың теңге) қатыса алады. Оларға несие 25 жылға 20 пайыздық бастапқы жарнамен жылына 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі.

«Кірісі жоғары адамдар «7-20-25» бағдарламасына қатысуы немесе екінші деңгейлі банктердің бағдарламасы арқылы баспана алулары қажет. Мемлекеттік қызметші санатына кіргеніммен жалақым жоғары болғандықтан мемлекет субсидиялайтын жеңілдігі бар мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмаймын», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Ал «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова «5-20-25» бағдарламасына қатысушылары жинақ банкінен шот ашып, жарнасын төлеуі қажеттігін ескертеді.

Сонымен қатар, үміткердің соңғы 5 жылда меншігінде баспанасы болмауы тиіс.

Бұған дейін Қазақстанда «5-20-25» бағдарламасы басталғанын хабарлаған едік.

Жоғары қарай