Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 384.97
EUR 427.12
RUB 6.04
CNY 54.75

28 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылдың 28 қыркүйек 2019 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 28 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Атом саласы қызметкерлерінің күні

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңының 4 бабына сәйкес бекітілді.

Құтыру ауруына қарсы күрестің бүкіләлемдік күні

Құтыру ауруымен күрес жөніндегі (ARC) қайырымдылық ұйымы мен Аурумен күрес және аурудың алдын алу орталықтары (CDC) (Атланта, АҚШ) ұсынысымен өткізіледі.

Құтыру ауруына қарсы күрес бүкіләлемдік күні адамдар мен жануарлар құтыруының зардаптары туралы, сондай-ақ оның алдын алуға және оны қоздырушылармен шектеу орындарындағы жануарлар арасында күресе отырып, тамырына балта шабуға болатыны, тиісті жұмыс жүргізсе қаншалықты жеңіл екені жайлы жұртшылықты хабардар етуге арналған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы сайлау туралы Конституциялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлыққа сәйкес, ел Парламенті 2 палатадан тұратын және кәсіби негізде жұмыс істейтін болып белгіленді.

1996 жылы Алматыдағы Кеңсайда жазушы Оралхан Бөкеевтің зиратына ескерткіш орнатылды.

1999 жылы Ақтау қаласында Алашорда қайраткері Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш ашылды.

2000 жылы Алматыда Түркістанға 1500 жыл толуы мен Мәдениетті қолдау жылына орай екі күндік «Әл-Фараби мұралары және әлем мәдениеті» атты Халықаралық конгресс өтті.

Бұл іс-шараға Ресей, Сирия, Иран, Түркия, Орталық Азия елдері мен Қазақстанның жетекші әл-Фарабитанушы мамандары қатысқан.

2005 жылы Цюрих қаласында Қазақстан-Швейцария қауымдастығы салтанатты түрде ашылды. Қауымдастық екі елдің саясаткерлері мен кәсіпкерлерін біріктіреді, мақсаты - әр түрлі саладағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту.

2005 жылы Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының аймағында «Еуразия» кинофестивалі аллеясының іргетасы салтанатты түрде қаланды.

2006 жылы АҚШ-қа ресми сапармен барған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтондағы Қазақстан Елшілігінің алдына қойылған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік монументін ашты. Бұл шараға АҚШ-тың энергетика министрі С.Бодман мен Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаев және АҚШ конгресінің мүшелері мен Қазақстан делегациясының өкілдері қатысты.

2006 жылы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қоры тағы бір бірегей жәдігер - Ақсу-Жабағылы қорығында табылған жыл санауға дейінгі VII - IV ғасырларда жасалған металл қазанмен толықты. Тауда омартасы бар Тараз қаласының тұрғыны Сергей Кудриннің көзі жерден шошайып шығып тұрған темір затқа түседі. Сөйтсе ол сыйымдылығы 17 литрлік 15 келі тартатын бірнеше металдардың балқымасынан жасалған қазан болып шықты. Облыстық мұражай мамандарының пайымдауынша, бұл қазан көне заманда Ақсу-Жабағылы қорығының аумағында орналасқан бүтін кешеннің бір бөлшегі болуы мүмкін.

2011 жылы Оңтүстік Кореяның Даеджон қаласында Корея-Қазақстан технологиялық ынтымақтастық орталығының ашылу салтанаты болып өтті.

Орталықтың негізгі функциялары - ақпарат тарату, инвесторлар, серіктестер мен технологиялар іздестіру, бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды үйлестіру, инновацияларды құру және басқару саласында кадрларды даярлау және дамыту бойынша бірлескен бағдарламаларды ұйымдастыру арқылы екі елдің компаниялары арасында ынтымақтастық орнату.

2012 жылы Астанадағы Республика даңғылынан Бараев көшесіне дейін созылатын көшеге Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Исмаиловтың атын беру салтанаты өтті. Бұл – елордада суретшінің атымен аталған алғашқы көше. Әубәкір Исмаилов - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, биші, жыршы, режиссер, суретші, қоюшы, кино актері, суырып салма музыкант, фольклор жинақтаушысы. Қазақстан Республикасының халық әртісі 1913 жылы Қарағанды ​​облысындағы Долинки ауылының жанындағы №6 ауылда дүниеге келген. Әубәкір Исмаилов Қазақстанның бейнелеу өнеріне ХХ ғасырдың 30-жылдарында келді. Оның бүкіл шығармашылық өмірі елдің бейнелеу өнерінің пайда болуы мен қалыптасу тарихымен үздіксіз байланыста болды.

2015 жылы Ақсу қаласында әлемдік рекорд орнатылып, Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Жергілікті тұрғындар 4 тонна 250 келі тамырлы көкөністерді өңдеп, 54 қазандықта 19 мың 254 порция фри картобын қуырды. Дайын болған тағам фестиваль символикасымен порциялық пакеттерге салынып берілді. Оларды 150 ерікті даяшы мейрам қатысушыларына таратып берді.

2016 жылы Алматыдағы Республика сарайында Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесер рәсімі өтті. Кинокартинаның бас продюсері – Әлия Назарбаева. Фильмнің басты рөлдерін Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов және т.б. сомдады.

2017 жылы «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтындағы «Марғұлан орталығы» аумағында 18 ғасырдағы көрнекті саясаткер Сұлтанмұхамед Бахадурға арналған салтанатты түрде қайта жөндеуден өткен ғимарат ашылды. Ол ел арасында Сұлтанбет сұлтан деп танылған.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай