Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 445.84
EUR 490.47
RUB 5.73
CNY 62.87

26 наурыз. Туған күн иелері

2020 жылдың 26 наурыз 2020 08:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 26 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.




130 жыл бұрын (1890-1954) халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нартай БЕКЕЖАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Әлеуметтік мазмұндағы өлең-толғауларымен («Сараң байға», «Мырзалық емес», «Жесір дауы», «Бір қойшыға», «Сүйінші», «Сыр», «Ақ алтынды аймағым», «Колхозшыларға», «Мұзбалақтар») Сыр бойына жас кезінен танымал болады. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу құрметіне арналған этнографиялық концертке, қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, республикалық ақындар айтыстарына қатысқан Ұлы Отан соғысы жылдарында арнаулы концерттік бригада ұйымдастырып, халықтың рухын көтеруге белсене ат салысты. Бекежанов сырнаймен, домбырамен ән, терме, толғау, жыр айту, айтыс дәстүрін дамытқан, өзінің бірегей ән-жыр мектебін қалыптастырған сазгер, ақын, халық әндерін және өз әндерін орындау шеберлігімен қазақ өнерінің тарихында қалған. Оның «Толқын», «Нартай сазы», «Ахау, жалған», «Нартайдың әні», т.б. әндері ұлттық ән өнерінің алтын қорына қосылды. Шығармалары «Домбыра сазы», «Өлеңдері мен айтыстары», «Өсиет», «Аманат» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. Қызылорда облысының қазақ драма театрына Бекежанов есімі берілген. Осы облыстың Шиелі ауданында Бекежанов ауылы бар.




97 жыл бұрын (1923-1989) диктор, Қазақстанның халық әртісі, соғыс ардагері Әнуарбек Нығметжанұлы БАЙЖАНБАЕВ дүниеге келді.

Семей қаласында туған. 1944 жылы соғыстан оралғаннан кейін, Қазақ радиосына диктор болып орналасқан. Алғаш эфирге шағын хабарландыру оқудан бастап, өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында, теледидарында диктор, аға диктор қызметтерін атқарған. Эфир арқылы берілген республиканың тыныс тіршілігі жайлы әртүрлі жаңалықтар, саяси хабарлар ұзақ жылдар бойы мыңдаған тыңдаушыларға Ә.Байжанбаевтың ашық та әуезді, кең тынысты үнімен жетті. Ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.




57 жыл бұрын (1963) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Құрманұлы ЕҢСЕГЕНОВ дүниеге келді.

Атырау облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. Гурьев педагогика институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетін бітірген. Тарих, қоғамтану және совет құқықтану пәндерінің оқытушысы, заңгер. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. «Құрмет» орденімен, төрт медальмен марапатталған.




54 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы басшысының орынбасары Сергей Михаилович ХОРОШУН дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген. 1984-1986 жылдары - КСРО Қарулы күштер қатарында қызметте болған. 1990-1995 жылдары - «Целинограджилстрой» өндірістік құрылыс ұйымында, 1995-1998 жылдары - Целина теміржол басқармасында, 1998-2000 жылдары - «Қалалық коммуналды қожалық» МКК КҚБ-ның бөлім бастығы, бастығының орынбасары. 2000-2005 жылдары - Коммуналды қожалық департаментінің директоры. 2005-2006 жылдары Астана қаласы Энергетика және коммуналды қожалық департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары (2006-2019). 2019 жылдың ақпанынан бастап - қазіргі қызметінде. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.




54 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жоғарғы қолбасшылығының өкілі, генерал-майор Ерлан Ерғалиұлы АЛДАЖҰМАНОВ дүниеге келген.

Ол Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында туған. Ф.Э. Дзержинский атындағы Жоғары шекара командалық училищесін бітірген (1987). Шекара заставасы бастығының орынбасары, өңірлік басқарма бастығының орынбасары, өңірлік басқарма шекаралық бөлімшелері қолбасшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бас штабы бастығы - директордың бірінші орынбасары лауазымдарында офицерлік қызмет атқарған. Орден және медальдармен марапатталған.




46 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Амангелдіұлы САТЫБАЛДЫ дүниеге келген.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С. Сейфуллин атындағы Ақмола ауыл шаруашылығы институтын экономист-менеджер (1996); Қазақ гуманитарлық-заң университетін заңгер (2003) мамандықтарымен бітірген. Еңбек жолы: Келес ауданы «Коммунизм» бөлімшесінің жұмысшысы (1991); Келес ауданы «Келес» МҚК аға экономисі, Ақмола облысы «Кураков и Ко» ЖШС есепшісі (1996-1999); мемлекеттік мекемелердегі бюджеттік процедуралардың орындалуын бақылау басқармасының жетекші, бас бақылаушы-ревизоры (2000-2002); Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының бюджеттік жоспарлау және қаржылық бақылау бөлімінде референт, консультант, бас сарапшы және сектор меңгерушісі (2002-2006); Астана қаласы әкімдігінің «Жылу» МҚК директоры (08.2006-12.2006); Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілендіру комитетінде жұмыс істеген (2007); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары, қаржы департаменті директорының орынбасары, бюджет департаменті директорының орынбасары (2007-2010); Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы (2010-2011); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесінің әлеуметтік-экономика бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2011-2013); Шымкент қаласының әкімі (2013-2015); Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары (2015-2017); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым тұрақты комитетінің мүшесі (2018-2019). Қазіргі лауазымын 2019 жылдың наурызынан бері атқарып келеді. «Ерен еңбегі үшін», «Астананың 10 жылдығы», «Облыс алдындағы қызметтері үшін» медальдарымен марапатталған.


Басты сөздер: Қоғам, Күнтізбе,
Жоғары қарай