Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 387.14
EUR 428.18
RUB 6.06
CNY 55.23

2020 жылдан жергілікті бюджеттерге ШОБ-тан түсетін корпоративтік табыс салығы берілмек

2019 жылдың 6 қараша 2019 11:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы заң жобасы тиісті құжаттарға сәйкес әзірленді. Бұл тұрғыда елорданың атауы өзгеруі бойынша ҚР Президентінің Жарлығы, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджеттерге беру бөлігіндегі Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауы, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде қайта құру бойынша Мемлекет басшысының Жарлығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне біріктіру жолымен қайта құру бойынша Мемлекет Басшысының Жарлығы ескерілді.

Заң жобасы Жер, Бюджет, Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік кодекстеріне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске және 12 заңға түзетулер енгізуді көздейді.

«Елорда атауының өзгеруіне байланысты 4 кодекс пен 7 заңға түзетулер енгізіледі. Заң жобасында кейбір күш құрылымдарын қайта ұйымдастыру бөлігінде өзгерістер енгізу көзделген. Осылайша, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қайта ұйымдастырылуына, сондай-ақ ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің қосылуына байланысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу көзделіп отыр», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын беру ұсынылуда.

«Республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерінен ғана корпоративтік табыс салығының түсімдері түсетін болады. Сондай-ақ облыстық мәслихаттарға шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыстық және аудандық бюджет арасында бөлу нормативін белгілеу құқығы берілетін болады.

Жергілікті бюджеттерге корпоративтік табыс салығын беру өңірлер экономикаларының, шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратын болады әрі жергілікті бюджеттердің табыстарын ұлғайтады. Жоғарыда айтылған түзетулер заңнаманың кейбір нормаларын сәйкестендіруге, бюджетаралық қатынастар мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталға», - деді ведомство басшысы.

Жалпы отырыс барысында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджетке беру шешімі өте дұрыс екенін атап өтті.

«Сондықтан енді жергілікті атқарушы органдар барлық қаржыны жинап, тек қана халықтың ең маңызды мәселелерін шешуге жұмсауы керек. Бұл қаржының негізсіз жұмсалуына жол берілмеуі керек. Осы бағыттағы жұмыстарды Үкімет бақылауға алуы керек», - деді Н. Нығматулин.

Жоғары қарай