Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы 5 °С
валюта бағамы
USD 388.49
EUR 427.26
RUB 6.06
CNY 55.32

2020 жылдан бастап ШОБ-тан түсетін табыс салығы жергілікті бюджеттерге берілмек

2019 жылдың 23 қазан 2019 11:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы ағымдағы жылы 2017-2019 жылдарға арналған трансферттер туралы заңның қолданысы аяқталуына байланысты әзірленді. Жалпы сипаттағы трансферттер өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге және өңірлік экономиканы дамытуға жергілікті атқарушы органдардың ынтасын арттыруға бағытталған.

«2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің тиісті ерекшеліктері бар. Біріншіден, жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыру. Ол үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге беру қарастырылды. Екіншіден, өңірлердің ерекшеліктерін ескеру. Ол үшін жаңа коэффициенттер енгізілді. Бұл ретте мектептер шағын жинақтылығы, ауыл шаруашылығының әлеуетті өнімдерінің көлемі, аумақ ауданы, тұрғын үй саны, өңірдің жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі ескерілген», - деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Сонымен қатар, министр жергілікті кірістердің өсуі әлеуеті аясында даму бюджетіне екі жаңа компонент енгізілгенін атап өтті. Жергілікті бюджеттердің кірістері өскен жағдайда, даму бюджеті ұлғаяды.

«Үшжылдық кезеңде жалпы өңірлік өнімнің өсуі жылдамдаған жағдайда субвенциялы өңірлер қосымша коэффициент алады. Бұрын нысаналы трансферттермен қаржыландырылған шығыстар жалпы сипаттағы трансферттерге берілді. Бұл 2020 жылы 617 млрд теңге, 2021 жылы – 650 млрд теңге, 2022 жылы – 664 млрд. теңге. Заң жобасына Парламент Мәжілісінде талқылау нәтижесінде толықтырулар енгізілді. Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға және медициналық мекемелердің күрделі шығындарына бағытталатын бюджет қаражатының минималды көлемі қосымша бекітілді», - деді ведомство басшысы.

Микро және шағын бизнесті табыс салығын төлеуден босату, сондай-ақ педагогтардың және мәдениет, өнер қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға қаражатты нысаналы трансферттермен бөлуді ескере отырып, субвенциялар мен алып қоюлар түзетілді.

Осыны ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттер мынадай көлемде айқындалады:

Бюджеттік алып қоюлар:

2020 жылы – 420 млрд теңге;

2021 жылы – 451 млрд теңге;

2022 жылы – 490 млрд теңге.

Бюджеттік субвенциялар:

2020 жылы – 2 трлн 104 млрд теңге;

2021 жылы – 2 трлн 121 млрд. теңге;

2022 жылы – 2 трлн 125 млрд. теңге.

«Осылайша, 2020-2022 жылдары 13 субвенциялық және төрт донор өңір анықталды», - деді Руслан Дәленов.

Жоғары қарай