Ауа райы
Нұр-Сұлтан 16 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 382.38
EUR 428.30
RUB 5.97
CNY 55.39

2019 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсімі 3,3 пайызға көтеріледі - ЕДБ

2019 жылдың 25 сәуір 2019 18:38 1129

ТВЕРЬ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) 2019 жылы Қазақстан Республикасындағы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ)  өсімі 3,3 пайызға көтерілетінін болжады,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан экономикасының жағдайы жақсы. Бізге келетін жобаларға көз салсақ,  үлкен жобалардың келгенін растаймын. Жұмыс істеу (Қазақстанмен - авт. ескертуі) өте ыңғайлы, сондықтан,бұл істі барлық бағыттар бойынша ұлғайтуды көздеп отырмыз» , - дейді Еуразиялықдаму банкі басқармасының басшысы Андрей Бельянинов Еуразиялық БАҚ-тың ІІ съезі аясында журналистерге берген жауабында.

Оның айтуынша, ЕДБ биыл Қазақстан бойынша «оннан кем емес жобаны» қарастырып жатыр.

Сонымен қатар, ЕДБ талдаушыларының болжамына сәйкес, 2019 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 3,3 пайызды құрайды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының экономикасының орта мерзімді перспективада өсу қарқыны 3,5% деңгейінде бағаланады.

 «2020 жылы ЖІӨ өсімін жеделдету мұнай өндіруді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Болашақта экономикадағы тұрақты инвестициялар ағымы мен өнімділіктің өсуі, оның ішінде, ұлттық бағдарламаларда көзделген даму саясатын жүзеге асыру арқылы ЖІӨ өсуі тұрақты болады», - деп хабарлады ЕДБ.

2019 жылдың соңына қарай Қазақстандағы инфляция 4,3 пайыз деңгейіне дейін төмендейді деп күтілуде. 2020-2021 жылдары инфляция динамикасы Қазақстан Ұлттық Банкінің мақсатты дәлізінде - 4-6 пайыз қалыптасады, бұл болжамды кезеңнің соңына қарай төменгі шекараға бірте-бірте жақындайды.

Еуразиялық даму банкі - оған мүше мемлекеттердің нарықтық экономикасын дамытуға, олардың тұрақты экономикалық өсуіне және өзара сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге бағытталған 2006 жылдың қаңтарында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы құрған халықаралық қаржы ұйымы. ЕДБ жарғылық капиталы 7 млрд  АҚШ долларын құрайды. Банкке мүше мемлекеттер - Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасы.

ЕДБ активтерінің көлемі 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4,161 млн  АҚШ долларын, капиталы - 1 770 млн  долларды, қазіргі инвестициялық портфелі - 3 631 млн долларды құрайды.

 

 

Басты сөздер: Экономика, Банктер,
Жоғары қарай