Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 11 °С
валюта бағамы
USD 447.60
EUR 489.41
RUB 5.71
CNY 63.05

20 ақпан. Туған күн иелері

2020 жылдың 20 ақпан 2020 08:08

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 20 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР




121 жыл бұрын (1899-1938) Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Жетісудағы алғашқы ақындар айтысын ұйымдастырушы Ораз Қиқымұлы ЖАНДОСОВ дүниеге келді.

Алматы облысының Қарасай ауданында туған. Верный ерлер гимназиясын бітірген. Қазақстанда кеңестік билік орнағаннан кейін Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыстық бөлімін басқарды. 1919-1921 жылдары Түркістан Коммунистік партиясының мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы болып, Жетісу облыстық революциялық-әскери комитетін және облыстық «Қосшы» одағына басшылық жасады. 1921-1923 жылдары Түркістан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы болды. 1923-1924 жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясында білім алды. 1924-1928 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне басшылық жасады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 10 жылдығына орай, 1926 жылы Жетісудағы Қарқара көтерілісіне қатысқандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында көтерілісшілер жиынын өткізіп, кейін «Ереуілтөбе» атанып кеткен жерге ескерткіш орнатпақ болып, тас үйіп, белгі қалдыруға қоғам қайраткері Ыдырыс Көшкінов, т.б. азаматтармен бірге қолдау көрсетіп, ат салысты.

Қоғам қайраткері ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарды, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1928-1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директорлығымен қатар Республикалық кітапхананың директоры, БК(б)П Кеген аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ұлтаралық қатынастарды реттеуге көп еңбек сіңірді. КОКП съездерінің және КСРО Кеңестері съездерінің делегаты, БК(б)П Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі және бюро мүшесі, Түркістан Орталық атқару комитеті төралқасының және Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан Орталық атқару комитетінің және оның төралқасының мүшесі, Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы болды. 1937 жылы тамызда партиядан шығарылды да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы наурызда атылды.
Қазақ ақыны Кенен Әзірбаев тұтқынға алынған Жандосовпен өзінің қоштасқан сәті туралы «Оразжан» әнін шығарды. 1999 жылы Алматыда қоғам қайраткерінің ұлы Анри (Әли) Жандосовтың құрастыруымен «Қайран Ораз» атты кітап жарық көрсе, немересі бірнеше жинақтың авторы, ақын Гүлнар Жандосова Алматыда Ораз Жандосов атындағы гуманитарлық лицей құрды. Елімізде Жандосовтың есімі елді мекендерге беріліп, Алматы қаласында оған ескерткіш орнатылды. Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылында қоғам қайраткері атындағы өлкетану мұражайы жұмыс істейді.




72 жыл бұрын (1948) Қазақстанның қоғам және саяси қайраткері Тито Уахапұлы СЫЗДЫҚОВ дүниеге келді.

Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын, Павлодар университетін тәмамдаған. Салалардағы және әлеуметтік саладағы экономика және менеджмент жөніндегі ғылым магистрі.

Тито Сыздықов он жылға жуық Павлодар облысының әртүрлі шаруашылықтарында еңбек еткен. Совхозға басшы болған, одан кейін көп жылдар бойы кеңес және партияның жауапты лауазымдарына сайланған. Павлодар облысының Ақсу қаласының әкімі (1997 - 1999); Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты (1999-2004); (2004-2007); (2007-2011); ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі (2012) 2012 жылдан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Тәуелсіз директоры, Директорлар кеңесінің мүшесі болды. 2012 жылғы 2 қазанда алғаш рет «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің құрамына сайланды. 2015 жылғы 22 шілде Тито Уахапұлы Сыздықов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің аға тәуелсіз директоры болып сайланды.




44 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі Рүстем Айдарбекұлы БИҒАРИ дүниеге келген.

Көкшетау қаласында туған.

1999 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін Информатика және ЕТ мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылы — Бостон университетінің (АҚШ) магистратурасын киберқауіпсіздікке мамандандырылған ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша бітірген, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Информатика, бақылау және басқару бағыты бойынша PhD докторы.

Еңбек жолын 1999 жылы бастаған.

1999 жылдан 2003 жылға дейін Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасында жұмыс істеген. 2003 жылдан бастап «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да еңбек еткен. 2006–2009 жылдар аралығында Президент Әкімшілігінде бас сарапшы, кеңесші, ақпараттандыру секторының меңгерушісі лауазымдарында жұмыс істеген.

«Электронды үкімет», «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламаларын әзірлеуге қатысқан.

2009-2018 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған. Қазіргі қызметінде 2018 жылғы маусым айынан бері.

«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай