Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 448.52
EUR 490.32
RUB 5.69
CNY 63.23

20 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 20 ақпан 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 20 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы қарарымен 2007 жылғы желтоқсанның 18-де жарияланған.

Қарарда халықаралық қауымдастық кедейшілікті жою саласында, еңбекпен толық қамтамасыз етуде, лайықты жұмыс тауып беруде, ерлер мен әйелдер теңдігін сақтауда, барлық адамдар үшін әлеуметтік жайлы жағдай мен әділеттілікті іске асыруда күш-жігерді одан әрі арттыру қажеттілігі мақұлданады.

Дүниежүзілік ақпаратты басқару күні

Ақпан айының үшінші бейсенбісінде жыл сайын атап өтіледі. Қазіргі әлемде ақпаратты басқарудың маңыздылығына назар аудару және оның негізгі қағидаттары туралы хабардарлықты арттыру үшін бекітілген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы қазіргі «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің алғашқы саны «Кедей сөзі» деген атаумен жарық көрді. 1993 жылдан бастап қазіргі атауымен басылып келеді.

Өз заманында қазақ әдебиетінің классиктері Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов сынды тұлғалар газеттің редакторлары болды. Әртүрлі жылдары газет редакциясында Қазақстан халық жазушылары Д.Әбілев, Ә.Әбішев, С.Шаймерденов, әдебиеттің көрнекті қайраткерлері Қ.Кемеңгеров, М.Дәулетбаев қызмет етті. Басылым аптасына үш мәрте шығады.

1932 жылы Шығыс Қазақстан облысы құрылып, орталығы Семей қаласы болды (бүгінгі таңда облыс орталығы - Өскемен қаласы). Облыс құрамына 21 аудан кірді.

1974 жылы Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағаты бөлімдерінде Қазақ КСР ғылыми-техникалық құжаттамасының Орталық мемлекеттік мұрағаты және Қазақ КСР кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазудың Орталық мемлекеттік мұрағаты құрылды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының қорында 1 млн. 500 мың іс бар.

1986 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Мир» орбиталық ғарыш стансасы ұшырылды, ол - күрделі көп мақсатты ғылыми-зерттеу кешені. 1986 жылы ақпанның 20-сында кешен орбитаға шығарылды.

1999 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданының орталығында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.

2002 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мұнай-газ кешенінің тиімді және ашық дамуын қамтамасыз ету деңгейін арттыру және ел экономикасының мұнай-газ саласындағы мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттің 100 пайыздық үлесі бар «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» құрылды.

2012 жылы қазақстандық дзюдошы Максим Раков Германияның Дюссельдорф қаласында өткен турнирдің гран-при жүлдесін жеңіп алды. Турнирге Қазақстаннан 19 спортшы қатысты.

2012 жылы Мәскеуде Мемлекетаралық авиация комитетінің Авиация және әуе кеңістігін пайдалану кеңесінің 32-сессиясы жұмысын бастады. Онда Алматы әуежайының аэродромы «Халықаралық (санатталған) аэродромдарды дамыту саласындағы жетістіктері үшін» үздік аэродром деп танылды. Оның басты жетістігі аэродромға ІІІ В санатының енгізілуі болды.

2014 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ фольклорының «Бабалар сөзі» атты 100 томдық жинағының тұсаукесері өтті.

Басылымның 20 томы батырлық эпостарға, 13 томы - тарих тақырыбына арналған. Жинаққа діни дастандар, новеллалық дастандар, махаббат дастандары, сондай-ақ ертегілер енгізілген.

2015 жылы Ливан көрермендеріне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың балалық және жастық шағы туралы баяндайтын «Балалық шағымның аспаны» атты қазақстандық көркем фильмі ұсынылды.

2017 жылы Каирде өткен Х Халықаралық анимациялық фильмдер форумының конкурс бағдарламасында «Қазақ Елі» анимациялық фильмі көрсетіліп, үздік толық метражды фильм аталымын жеңіп алды. Композитор Руслан Шынықұлов пен музыкант Жанболат Әділовке музыка үшін құрметті сертификат табысталды.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай