Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

19 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 19 мамыр 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2020 жылғы 19 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР


Түркияда Ататүрікті еске алу, сондай-ақ жастар және спорт күнi

1919 жылдың 19 мамырында тәуелсіздік үшін күрескен ұлттық-революциялық қозғалыс лидері Мұстафа Кемал Ататүрік 9-ы армияның инспекторы ретінде Самсунға келіп, шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Бұл күн Түркияның азаттығы үшін соғыстың ресми басталған күні болып саналады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Кейіннен Ататүрік сөйлеген сөздерінің бірінде 19 мамырды өзінің туған күні деп жариялады (оның нақты туған күні белгісіз).

Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрағандықтан, 1938 жылдың 20 маусымы күні 19 мамырды Жастар және спорт күні ретінде белгілеу туралы заң шықты. Бұл күн алғаш рет 1935 жылы 24 мамырда «Ататүрік күні» ретінде атап өтілген болатын. Сол күні спорт күні де өтті. Кейіннен спорт конгресінде осы екі мерекені біріктіру туралы ұсыныс жасалып, бұл заңмен бекітілді. 1980 жылдың 12 қыркүйегінен бұл күннің ресми атауы «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні» деп аталып келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев банкнот фабрикасының ашылуына қатысты. Банкнота фабрикасы жалған ақша белгілерінен қорғайтын, көркем және полиграфиялық өнімді жоғары деңгейде орындайтын бірегей жабдықтардан құрылған. Оның меншiктi базасынан номиналы 100, 200, 500, 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 теңгелік банкноттар шығарылған. Қазiр фабрикада банкноталардан басқа төлқұжат, куәлiк, диплом, аттестат, куәлiк қағаз, акциз маркалары сияқты құжаттардың жүзден астам түрлерi шығарылады.

2005 жылы Астанада Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігі ашылды. Елшіліктің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенко қатысты. Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 16 қыркүйегінде орнаған.

2011 жылы Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейі жаңа экспонаттармен толықты.

Музейге тапсырылған бағалы экспонаттардың ішінде артиллериялық миналардың неміс жәшігі, гаубица зеңбірегінің бөлшегі, саперлық күрек, каскалар, Дегтярев пулеметінің дискі болды.

2014 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жібек жолы» рухын биіктеткені, өзара сенімді, достықты, ынтымақтастықты нығайтқаны, әлем елдерімен бірге өсіп-өркендеуге, татулыққа және ортақ дамуға ықпал еткені үшін Жібек жолының бейбітшілік сыйлығы тапсырылды.

2014 жылы Ресейдің солтүстік астанасындағы Астананың мәдени күндерінің аясында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Санкт-Петербор мэрі Георгий Полтавченко «Астана» орталығының негізіне капсула салды.

«Астана» орталығы Савушкин көшесінде салынады. Кешеннің ғимаратында кеңселер орналастырылады, қазақ және орыс компанияларының өкілдіктерін, мекемелер, конференциялар өткізуге арналған залдар, көрме залдары мен екі деңгейлі жерасты паркинг салу жоспарланып отыр.

2015 жылы Қырғызстан астанасында «Ақ Ілбірс - 2015» ұлттық киносыйлығы ұйымдастырған шарада режиссер Әділхан Ержанов түсірген қазақстандық «Қожайындар» фильмі «Орталық Азиядағы үздік фильм» номинациясын жеңіп алды.

2016 жылы Шығыс Қазақстанға осы уақытқа дейін жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған бірегей жәдігерлер жеткізілді. Олардың арасында Шілікті, Берел, Қырықкүңгір, Ақсуаттан табылған сүйектер мен тастар, керамика, қоладан жасалған заттар бар.

2016 жылы Иорданияның KASOTC оқу-жаттығу орталығында арнайы мақсаттағы топтар арасындағы 8-ші жыл сайынғы «Warrior-2016» сайысы өтті. Жарысқа қазақстандық әскери қызметшілер де қатысты. Бұдан өзге ол жерге Қытайдан «Шабуылдаушы ақ тұйғын», Колумбияның «Коммандос», Ливандық «Қара пантера», АҚШ «Теңіз мысықтары» және басқа да арнайы бөлімшелер келді.

2017 жылы Қытайда танымал «Easy» журналы қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге бірнеше бет арнады. Кезекті нөмірде әншінің суреттері мен сұхбаты жарияланды.

2017 жылы Қазақстан киноиндустриясы тарихында алғаш рет 70-ші Канн фестивалінде (Франция) Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды.

Қазақстанның алғашқы павильоны Фестивальдар сарайының алдында, Le Village International кинобазарының аумағында орналасты.

Павильонның жұмысы бірлесіп кино шығару, ұлттық фильмдерді қаржыландыру үшін әлеуетті серіктестерді тартуға, Қазақстанның киноиндустриясын жаңғырту және туризмді дамытуға жағдай жасады.

2017 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Алашорда үкіметі мен Алаш автономиясының 100 жылдығына орай «Ел-Шежіре» қоғамдық қоры шығарған ғалым-жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Алаш қозғалысы» атты 3 томдық құжаттар жинағы мен Болат Мүрсәлімнің «Алашорда» фотоальбомының таныстырылымы өтті.

2019 жылы жеңіл атлетикадан Thailand Open Track & Field 2019 халықаралық турниріне Мария Овчинникова сәтті өнер көрсетіп, үш қарғып секіруден жеңімпаз атанды. Спортшы 13.19 метрге секіріп, үздік нәтиже көрсетті. Ол 2019 жылғы Азия чемпионы, тайландтық Паринью Чуаймароенгті артта қалдырды.


Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай