Ауа райы
Астана 9 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 443.50
EUR 479.47
RUB 5.79
CNY 62.51

16 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылдың 16 ақпан 2020 07:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 16 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Жаңа Зеландия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы нота алмасу өтті.

1993 жылы Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының дипломатиялық өкілдігі өз қызметін бастады.

1995 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев елдегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесуінде консультативтік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құруды ұсынды.

2000 жылы Алматыда Абылай хан атындағы қордың президенті Шота Уәлиханов Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа «Ғасыр саңлағы» алтын медалін тапсырды.

2006 жылы елордадағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Мұхтар Шахановтың «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы (Көз жұмар шақтағы арпалыс)» атты драмалық туындысының француз тіліндегі басылымының таныстырылымы болды.

Пьесаны француз тіліне оқытушы Гүлнәр Сәрсекеева мен Француз альянсының президенті Брижит Брефор аударды. Таныстырылым барысында пьесаның француз тіліндегі үлгісі Мұхтар Шахановқа табыс етілді. Брижит Брефордың айтуынша, кітап Францияда 2005 жылдың қараша айында басылып шыққан және аталмыш шығармаға оқырмандар мен театр ұжымдары зор қызығушылық танытқан көрінеді.

2010 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясы Қазақ ұлттық өнер университеті болып өзгерді. Музыкадан тыс, университетте хореография, өнертану, бейнелеу өнерінің жеке түрлері, мүсін өнері, дизайн, кино, телевидение мамандықтары ашылды.

2015 жылы Қазақстан «Өзбекстан-Түркіменстан-Иран-Оман» транзиттік-көлік дәлізіне қосылды.

Қазақстан Иран, Оман Сұлтанаты, Түркіменстан мемлекеттері, Өзбекстан Республикасы арасындағы халықаралық көлік және транзиттік дәліз құру бойынша «Ашхабад келісімі» аясындағы ынтымақтастықтың форматына баса мән береді. Өңірде тасымалдауды дамытуда бірлескен күштерді біріктіруге үлкен сенім артады.

2016 жылы Марокконың Касабланка қаласында Қазақстан Республикасы құрметті консулдығының ресми ашылу салтанаты өтті. ҚР құрметті консулы қызметіне Касанбланканың беделді тұлғаларының бірі – Араб Магрибі экономикалық палатасының президенті, Марокко парламенті Кеңесшілер палатасының (жоғары палата) экс-депутаты Хассан Беркани тағайындалды.

Шара барысында консулдықта Қазақстан туралы, халықтың мәдениеті мен дәстүрін көрсететін, сонымен қатар, жас астананы, ЭКСПО-2017, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі сынды ірі халықаралық бастамаларды таныстыратын фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды.

2017 жылы Мәскеуде Қазақстан Елшілігі мен «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобалар қорының қолдауымен Ахмет Кенесариннің қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы және оның ұлы Садық туралы сыр шертетін «Насабнамеи Сұлтан Садық» («Сұлтан Садықтың шежіресі») атты бірегей қолжазбасы баспада жарық көрді.

Ахмет Кенесариннің әкесі Кенесары хан мен сұлтан Садық жайындағы әңгімелерін Орыс география қоғамының Түркістан бөлімінің мүшесі Е.Т. Смирнов аударып, 1889 жылы Ташкентте алғаш рет басып шығарылады. Бірақ төлтума қолжазбаның тағдыры белгісіз болып келді. Бұған дейін құжат Мәскеудегі Мемлекеттік тарих музейінің қолжазба деректер бөлімінде сақталып келді. Оны Ресей тарихшысы Илья Зайцев тапты. Қолжазба қазақ тілінде араб жазуымен жазылған. Бұл оқиға шығыстанушы ғалымдар үшін үлкен жаңалық болды. Ал баспадан шығарылуы қазақ тарихының бұрын белгісіз беттерін ашуға сүбелі үлес болып қосылды.

2018 жылы Астанада Моңғолиядағы этникалық қазақтардың тарихы мен қазіргі өмірі туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

2018 жылы Алматыда Қазақстандағы БҰҰ қызметінің 25 жылдығына арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Басты сөздер: Күнтізбе,
Жоғары қарай